Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне іздеу жарияланды

петр врублевский
Фото: Украинаның Қазақстандағы елшілігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан

МӘСКЕУ. KAZINFORM – Мәскеу соты Украинаның Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Петр Врублевскийді өшпенділік туғызатын сөзі үшін қозғалған қылмыстық іс аясында сырттай қамауға алуға рұқсат берді, деп хабарлайды ТАСС.  

Агенттіктің нақтылауынша, украиналық дипломатқа федералды және халықаралық іздеу жарияланған. 

«Алдын ала тергеу органы РФ Қылмыстық кодексінің 282-бабы 2-бөлігінің «а» тармағында көзделген қылмысты жасады деп сырттай айыпталған Петр Юрьевич Врублевскийге қатысты қылмыстық істі тергеу аясында (өшпенділік тудыру немесе араздық, сондай-ақ адамдық қадiр-қасиетiн қорлау) украин дипломатын федералдық, содан кейiн халықаралық іздеуге беру туралы қаулы шығарды. Бұдан басқа, Мәскеу соты Украина азаматы Врублевскийге РФ аумағына экстрадицияланған кезден бастап немесе айыпталушыны РФ аумағында ұстау сәтінен кейінгі кезеңді есептей отырып, екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы тергеудің өтінішін қанағаттандырды», - деді агенттікке соттағы ақпарат көзі.

Украинаның экс-елшісін сырттай қамауға алу туралы шешім қабылдаған Мәскеудің Басман сотының деректер базасында көрсетілгендей, тиісті шешімге шағым әлі түскен жоқ.

РФ Қылмыстық кодексінің бұл бабының санкциясы алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. 

Соңғы жаңалықтар