Украинаның Қазақстандағы елшілігін кім басқарып отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенко Украинаның Қазақстандағы елшілігін қазір кім басқарып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елшілік жұмыс істеп тұр. Бірақ оны уақытша сенім білдірілген өкіл басқарып отыр. Бұл функция Елші жоқ кезде содан кейін тұрған лауазымды дипломатқа жүктеледі. Қазір Украинаның Қазақстандағы елшілігінде осындай жағдай», - деді вице-министр Сенат отырысынан кейін.
БАҚ өкілдері телеграм-арналарда Луганск облыстық әскери әкімшілік басшысы Сергей Гайдайдың Қазастанға елші боп келетіні туралы мәлімет тарап жатқаны қаншалық рас екенін сұрады.
«Менде Гайдай мырза жөнінде нақты мәлімет жоқ. Алайда кез келген мемлекеттің басқа мемлекеттегі елшісін тағайындау процедурасы агреманды талап етеді. Агреман сөзі – «алдын ала келісу» дегенді білдіреді. Украина тарапы білуімше, елшіні тағайындау жөнінде Қазақстан тарапынан сұрайтын (елшіні тағайындау жөнінде) болуы керек. Қабылдаушы тарап келісімді береді немесе үнсіз қалады. Өйткені дипломатияда кез келген өтініштен бас тартуға болмайды», - деді ол.