Украинаның мәдени мұраларына қауіп төніп тұр - ЮНЕСКО

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ЮНЕСКО Украинаның мәдени мұрасына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтар сайтына сілтеме жасап.

Украинаның Львов пен Киев қалаларында орналасқан жеті Дүниежүзілік мұра бар, Одесса мен Харьков та шығармашылық қалалар желісіне кіреді. Ал мемлекеттің кейбір ұлттық мұрағаттары ЮНЕСКО-ның «Әлемнің жадысы» тізіліміне енгізілген. Онда соғыс басталғалы бері ЮНЕСКО өз мандаты аясында, оның ішінде мәдениетті қорғау бағытында нақты шаралар қабылдап жатыр.
Ұйым мәдени нысандар мен ескерткіштерді 1954 жылғы Гаага конвенциясының «Көгілдір қалқан» ерекше эмблемасымен белгілеу үшін Украина билігімен байланыс орнатады. Ондағы мақсат – қасақана немесе кездейсоқ зиян келтірмеу үшін қарулы қақтығыс жағдайында мәдени құндылықтарды қорғау. Бірінші кезектегі міндет –халықаралық құқыққа сәйкес қорғалатын аудандар ретінде олардың ерекше мәртебесін еске салу үшін мәдени мұра ескерткіштеріне белгі қою. Жақын күндері Украинаның мәдениет саласындағы мамандарымен - дүниежүзілік мұра нысандарының басшыларымен, мұражай директорларымен, жылжымайтын және жылжымалы мұра нысандарына жауапты азаматтармен шұғыл қажеттіліктерді анықтау мақсатында жаңа кездесулер жоспарланған.
Сонымен қатар ЮНЕСКО Украинаның қауіп-қатерге тап болған мәдени мұрасын қорғау үшін халықаралық серіктестерді тартпақ. Соның ішінде мәдени құндылықтарды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зерттеу орталығын, «Көгілдір қалқан» комитетін, Халықаралық мұражайлар кеңесін, ескерткіштер мен көрікті жерлерді сақтау жөніндегі кеңесті және тағы басқаларын жұмылдырады.


Соңғы жаңалықтар