Украиндық боксшы Головкинді жекпе-жекке шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Украиндық кәсіби боксшы Сергей Деревянченко WBC, WBO, IBF және IBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем Геннадий Головкинді жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды "SPORTINFORM" САА.
4 наурызда Нью-Йоркте, Уайлдер - Ортис айқасының андеркартында украиндық Сергей Деревянченко (12-0, 10 КО) америкалық Дишон Джонсонды (22-23-3, 7 КО) уақыт бітпей жатып жеңді. Украиндық боксшы айқастан кейін Головкин мен басқа да орта салмақтағы үздік боксшыларды жекпе-жекке шақырды.
«Мен Головкинмен, Альвареспен немесе Чарломен кездесуге дайынмын. Орта салмақтағы үздік боксшылардың барлығымен жұдырықтасуға әзірмін. Бастысы, жекпе-жекке чемпиондық титул қойылса болғаны. Чемпиондық титулды алу үшін барлығын беремін. Үздіктермен айқасуға дайынмын. Титулдық жекпе-жекті күтіп шаршадым», - деп мәлім етті Деревянченко айқастан кейін.
Еске салайық, Сергей Деревянченко IBF рейтингіндегі нөмірі бірінші спортшы және қазақстандық Геннадий Головкиннің (37-0-1, 33КО) қанжығасындағы осы ұйымның желісі бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулына міндетті үміткер.