ҰҚШҰ Бас хатшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісімен кездесті
МӘСКЕУ. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының Бас хатшысы Николай Бордюжа бүгін Қырғызстан сапарынан кейін консультация үшін Мәскеуге ат басын тіреген АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Сьюзан Элиот ханыммен кездесті.
ҰҚШҰ Хатшылығының баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесу барысында қазанның 10-ындағы парламенттік сайлаудан кейінгі Қырғызстандағы ахуал туралы және жалпы Орталық Азиядағы жағдай туралы пікір алысылды. Қырғызстанның дағдарыстан шығуы және елдің әрі қарай орнықты дамуы үшін барлық жағдай жасауға өзара мүдделіліктер білдірілді.
«ҰҚШҰ Қырғызстан басшылығына ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, маусым айында орын алған бұқаралық тәртіпсіздіктердің салдарын жоюда жан-жақты қолдау көрсетуде», - деді Н.Бордюжа өз сөзінде.