ҰҚШҰ бітімгерлері Қаңтар оқиғасы кезінде бір де бір оқ атқан жоқ — Тоқаев

қаңтар
Фото: ТАСС

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымының рөлі қандай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

«Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік. Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев деді Президент Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бір де бір оқ атқан жоқ.

Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті.

«Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды», — дейді Мемлекет басшысы.

 

Соңғы жаңалықтар