ҰҚШҰ-да БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы қарсаңында ұстанымдарды келісу жөнінде консультациялар өтті
МӘСКЕУ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мәскеуде ҰҚШҰ елдері өкілдерінің БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы 68-ші сессиясының күн тәртібі мәселелері бойынша Ұйым мүше-мемлекеттерінің ұстанымдарын келісу жөнінде консультациялары өтті.
ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдиновтің хабарлауынша, консультацияларға сыртқы істер министрлігінің бейіндік бөлімшелерінің басшылары, ҰҚШҰ жанындағы мүше-мемлекеттердің уәкілетті өкілдері, ҰҚШҰ мүше-мемлекеттері елшіліктерінің өкілдері және ҰҚШҰ Хатшылығының қызметкерлері қатысты. Отырыс ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Геннадий Невыгастың төрағалығымен алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес өтті.
Консультацияларға қатысушылар ҰҚШҰ мүше-елдерінің БҰҰ-дағы делегацияларының тығыз ынтымақтастықты жалғастыруы қажеттігін атап өтті және алдағы БҰҰ Бас Ассамблеясы барысындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. БҰҰ-ны, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін реформалау, Ауғанстандағы жағдайға, сириялық реттеу, БҰҰ-ның лаңкестікке қарсы жұмысы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы көпжақты ынтымақтастық, БҰҰ органдарының алдағы сайлауы мәселелеріне пікір алысу барысында ерекше көңіл бөлінді.
«Консультациялар БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-ші сессиясының күн тәртібіне енгізілген тармақтарды қарау бойынша ҰҚШҰ мүше-мемлекеттерінің ұстанымдарын келісуге жәрдемдесті. Тараптар осы халықаралық ұйым ауқымындағы іс жүзіндегі өзара іс-қимылды үйлестіруді одан әрі тереңдетуге ұмтылысын қуаттады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 68-ші сессияның ашылуы 2013 жылғы 17 қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде болады. 24 қыркүйектен 2 қазанға дейінгі кезеңде БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясына қатысушылардың жалпы жарыссөзі өткізіледі.