ҰҚШҰ-дағы серіктестердің моральды қолдауы маңызды - Қасым-Жомарт Тоқаев
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) серіктестердің әскери ғана емес, сонымен қатар моральды қолдауы маңызды. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шын мәнінде, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Ұйымның бітімгерлік күштерінің ауқымды түрде жұмылдырылу жағдайы бірінші рет болып отыр. Біз үшін ҰҚШҰ бойынша әріптестеріміздің әскери ғана емес, моральдық қолдау көрсетуі де аса маңызды», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі біртұтас майдан болып, Қазақстанның үндеуін бірауыздан қолдағанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.
Еске салайық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.