ҰҚШҰ мемлекеттерінің аумақтарына әскери инфрақұрылым нысандары орналастырылатын болады - Мәжіліс

АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумақтарына әскери инфрақұрылым нысандарын орналастыру туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

ҰҚШҰ мемлекеттерінің аумақтарына әскери инфрақұрылым нысандары орналастырылатын болады - Мәжіліс

ҰҚШҰ мүше мемлекеттердің аумақтарына әскери инфрақұрылым объектілерін орналастыру туралы хаттама 2011 жылғы 20 желтоқсанда Мәскеуде жасалған.

Хаттамаға сәйкес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер осы ұйымдағы басқа мемлекеттермен келіскеннен кейін және олардың ресми қарсылықтары болмаған кезде ұйымның мүшелері болып табылмайтын елдердің әскерлерін, әскери инфрақұрылым объектілерін өз аумақтарына орналастыру туралы шешім қабылдайды. «Бұл шара шұғыл консультацияларды өткізгеннен (келіскеннен) кейін және олардың ресми қарсылықтары болмаған кезде жүзеге асырылады», - дейді қосымша баяндама жасаған депутат Бақытжан Ертаев.