ҰҚШҰ-на мүше елдер Ресейдің Қиыр Шығысындағы су тасқыны салдарын жоюға жәрдемдесуге әзір
МӘСКЕУ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Ресейдің Қиыр Шығысы мен Амур аймағындағы су тасқыны қазіргі уақытта миллион шаршы шақырым жерге жайылды. Одан басқа, Хабаровск өлкесі, Еврей автономды облысы, Челябинск облысы, Башқұртстан жері су астында қалып жатыр.
Ресей ТЖМ-нің мәліметінше, бәрінен бұрын Қиыр Шығыстағы жағдай ауыр болып тұр. Әсіресе, Амур облысында су тасқыны әлі өз шыңына жеткен жоқ, ал ол жақтағы жағдай қазірдің өзінде аса күрделі деп бағалануда. Аймақта 30 мың адам мен 5,2 мың техникадан құралған құтқарушы топтар құрылды. Сондай-ақ темір жол әскерлері мен күш құрылымдары әскери дайындық режіміне тұрғызылды.
Осыған орай Ресей үкіметі федерацияның жеті субьектісіндегі тасқын салдарын жоюға 3,2 млрд. рубль көлемінде қаржы бөлді. ТЖ аумағында болған адамдардың әрқайсысына бір жолғы төлем ретінде 10 мың рубльден беріледі. Мүлкінің белгілі бір бөлігінен айырылғандарға 50 мың рубльден, ал бар мүлкінен айырылғандарға 100 мың рубльден жәрдемақы төленеді.
Қиыр Шығыстағы табиғаттың дүлей күшімен күресуге және оның салдарын жоюға Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің Төтенше жағдай министрліктері өз көмектерін ұсынды. Қазіргі уақытта олар практикалық көмек мәселелерін қарастырып, нақты қажетті күш-құралдарды анықтауда.