Ұлағатты ұстаздың ұтымды қадамы

мектеп
Фото: Нұргүл Нагайқызының жеке мұрағатынан

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.​ Жаңа талаптар бойынша енді оқушының сабақта ұялы телефон пайдалануына тыйым салынады. Сонымен, біршама уақыттан бері талқыланып, көпшіліктің пікірталасына негіз болған тағы бір толғақты мәселеге нүкте қойылды.​ Алайда, заң қабылдануын күтпей-ақ, оқу жылының басында өзі жетекшілік ететін сынып оқушыларынан бұл тәртіпті талап еткен ұстаздар да бар екен. Мәселен, Жаңаарқа ауданы, академик Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 6 «А» сыныбының жетекшісі, жаңашыл ұстаз Нұргүл Шамаева оқу процесі кезінде оқушыны алаңдатып, сабаққа кедергі келтіретін ұялы телефон мәселесіне қыркүйек айында-ақ нүкте қойып тастаған. 

Ол Астана қаласынан жиһаз шеберіне тапсырыс беріп, өз қаражатына арнайы шкаф та жасатқанын айтады. Оқушылар сүйікті ұстазының бұл талабын бірауыздан құптаған. Қазір телефонсыз білім алу қалыпты үрдіске айналып кеткен. Сабаққа келген бетте қалтафондарын шкафқа өздері салып, үйге қайтарда ғана алады. Сынып жетекшісінің бұл шешімін ата-аналар да түсіністікпен қабылдапты.

мектеп
Фото: Нұргүл Нагайқызының жеке мұрағатынан

​– Мемлекет басшысының бүгінгі бастамасын қолдаймын. Дұрыс қабылданған шешім. Дәл қазіргі уақытта оқушы балаға ұялы телефон ата-анасымен хабарласып, құрбыларымен ақпарат алмасу үшін ғана қажет. Ал, сабақ үстінде едәуір кедергі келтіреді. Бала әр нәрсеге алаңдайды. Сабаққа қатысты ақпаратты қабылдау қабілеті төмендейді. Егер, сабақ барысында білімді игеру үшін қандай да бір ресурсты қолдануға қажет болса, телефонды алып қолдануға рұқсат беремін.
Қыркүйек айынан бері сыныбымдағы оқушылар үйреніп алды. Есесіне, бір-бірімен пікірлесіп, сөз қадірін біле бастады, қалтафонды кітаппен алмастырды. Сынып бөлмесінен арнайы шағын кітап бұрышын ашқанбыз, үзілісте кітап оқуға да мүмкіндік бар. Сөйлесу мәдениеті қалыптасып келеді. Кейбірінің сабақ үлгерімінде де ілгерілеушілік байқалады. «Баламның құқығына қол сұқты» деп шу шығармай, түсіністік танытқан ата-аналарға да ризашылығым шексіз, - дейді Нұргүл Нагайқызы. 

Иә, ұялы телефон мектеп оқушысына мектептен қайтар уақытта әлдеқандай жағдайға душар болып қалмау, қорқынышты сәттерде ата-анасына хабарласу үшін ғана керек. Ал, оқу процесі кезінде оны есеп шығару құралы ретінде немесе дерек көздерінен сабаққа қатысты ақпарат көшіріп алу мақсатында пайдалану – білім көрсеткішіне кері әсері бар факторлар.

Шкаф
Фото: Нұргүл Нагайқызының жеке мұрағатынан

Сонымен қатар қазіргі таңда бала қауіпсіздігі үшін де өте қолайсыз әсерлері байқалып жүргені жасырын емес. Әртүрлі сайттардан тарап жатқан жағымсыз ақпараттарды шектеу мүмкін болмай бара жатыр. Интернет алаяқтарының, кибербуллингтің құрбаны болып жатқан жасөспірімдер қатары көбейіп жатыр. Алуан түрлі ақпарат көздері арқылы зорлық-зомбылықты, жат діни ағымдарды насихаттап, суицидке итермелейтін, бейәдеп бейнелерді жарнамалайтын сайттардың бала психологиясына орасан зардап әкелетінін біліп жүрсек те, заң қабылданғанша шарасыз күйде болдық. 

Ал, ұялы телефон залалын ерте сезініп, ұтымды қадамға барған ұлағатты ұстаз Нұргүл Нагайқызының бұл жолғы шешімталдығы оның нағыз болашақты ойлайтын жастар жанашыры екенінің анық дәлелі. 

Соңғы жаңалықтар