Ұлан ауданында қатты боранда 4 қойшы эвакуацияланды - ШҚО
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында құтқарушылар боранда қалған 4 бақташыны эвакуациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 3 күн қатарынан боран соғып тұр.
«112» нөміріне қоңырау шалған Ұлан ауданындағы шаруа қожалығының иесі қыстақтан қайта алмай жатқан шопандарды эвакуациялау қажеттігі туралы айтқан.
«Оқиға орнына құтқарушылар дереу «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен шықты. Жер бедерінің күрделілігі, қараңғы түсуі және қатты соққан боран жағдайды қиындатты. Құтқарушылар 4 шопанды аман-есен эвакуациялап, Өскемен қаласына жеткізді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД мамандары өңір жұртшылығына дауылды ескерту мен жолдардың жағдайы туралы «Дәрмен» ұялы қосымшасынан біліп отыруға болатынын ескертеді.
