Ұлан Рысқұл: Інім екеуміз финалда жолықсақ, тосын жаңалық күтіңіздер

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 шілде күні елорда төрінде «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді. Балуандар дүбірлі додаға қызу дайындық үстінде. Биылғы бас жүлдеден үміткерлердің бірі, жарыстың күміс және қола жүлдегері, тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұлмен сұхбаттасып қайтқан едік.

Ұлан Рысқұл: Інім екеуміз финалда жолықсақ, тосын жаңалық күтіңіздер

- Ұлан сізді халық тұңғыш «Қазақстан Барысы» ретінде жақсы таниды. Бірақ сол алғашқы жеңісіңізден кейін сізді жанкүйерлеріңіз жеңіс тұғырынан көрмей кетті. Неге?

- Спорттың өзі жеңіс пен жеңілістен тұрмай ма?! Бірде бағың шапқанмен бірде бабың шаппай қалады. Кейде ойламаған жерден сәтсіздікке жол бересің. Иә, алғашқы жылы жұлдызым оңынан туды. Келесі жылы жүлдеге іліге алмадым. Одан кейінгі жылы жарақатыма байланысты қатыса алмадым. Одан кейінгі жарыстарда бір жылы Ержан Шынкеевке жол берсем, бір жылы Бейбіт Ыстыбаевқа ұтылдым.

- Енді биыл сол олқылықтардың орны тола ма?

- Сол үшін жаттығу жасап жатырмын. Енді бір мәрте «бас белдікке» қол жеткізіп жатсам ол жаман ба?! Бұйыртқанын көреміз ғой.

- Басты қарсыластарыңызды атап өтсеңіз...

- «Қазақстан Барысына» әлсіз бәлуандар келеді деп ойламаймын. Бір облыстан іріктелген ең мықты екі балан келеді. Олар да өзіміз сияқты «жеңсем, ұтсам» деген мақсатпен, жігермен келеді. Сондықтан қай балуанмен жолым түйіссе де оңай қарсылас жоқ. Оның үстіне өздеріңіз де байқап жүрген боларсыздар, соңғы жылдары жас балуандардан небір мықтылар шығып жатыр. Бұл қазақ күресінің жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын білдіреді. Өз басым биыл үздік үштіктен көрінсем де жаман болмас еді деп ойлап жүрмін.

- Кеше ініңіз Русланнан да  сұхбат алып едік. «Ағаңмен жолығып қалсаң қайтер едіңіз» деген сұрақты қойғанбыз. Осы сұрақты сізгеде қойсақ...

- Қиын сұрақ екен. Егер жолығып жатсақ, бір жөнін келтірерміз.

- Өзіңіз алғаш «Барыс» атанған жылы ініңіз сізге жол берді. Мүмкін биыл ініңіз екеуіңіз финалда жолығып жатсаңыздар сіз оған жол берерсіз?

- Соңғы екі балуан қалғанша жолымыз түйіспесе керемет болар еді. Ал финалда жолығып жатсақ, онда тосын жаңалық күтіңіздер. Біріміз Алматы қаласынан, енді біріміз Алматы облысынан шығып жатқаннан кейін екеуміздің де артымызда үміт күткен ел бар екенін жақсы білеміз. Егер бір қаланың не бір облыстың атынан сынға түскенде бір-бірімізге ойланбай жол берер едік.

- Әңгімеңізге рахмет!

Айта кетейік, кеше Ұлан Рысқұлдың туған інісі Руслан Әбдіразақовтан сұхбатымызды оқырман назарына ұсынған едік.

Онда ол «ағаң екеуің биылғы додада жолдарың түйісіп қалса не істер едіңіз?» деген сұрағымызға  финалға дейін жолдары түйіспеуін Алладан тілеп жүргенін айта келіп, «бұл турнир жалауын желбіреткен алғашқы жылы Ұлан маған қарағанда бабында болды. Оның үстіне, қазақы тәрбие алып өскендіктен, ағамның жолы үлкен екенін түсіндім. Сондықтан, оған жолымды бердім. Финалда жолығып жатсақ, менің өз тұсында жасаған інілік құрметімді бұл жолы ағалық ізетімен қайтаратын шығар деп ойлап қоямын», - деп інілік көңілін білдірген еді.