Ұландықтар қаңтар оқиғасы кезінде көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғыс айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1 наурыз - Қазақстанда Алғыс айту күні. Осы датаға орай Ұлттық ұлан сарбаздары қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұландықтар қаңтар оқиғасы кезінде көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғыс айтты

Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде, бүлікшілер әскерилерге қарсы күш қолданып, қолдарына түскен темір, тас, ағашпен ұрып, көлікпен әдейілеп қаққан жағдайлар да болды.

Сарбаздардың қатарында оқ тиіп жараланғандар да бар. Ұлттық ұланның екі жауынгері жаппай тәртіпсіздік кезінде ерлікпен қаза тапты.
Сол күндері ел ішінде сарбаздарды қорғап, араша түскен азаматтар болды.
Жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетіп, қолдан келгенше қолдау білдірген осындай азаматтарға Ұлттық ұлан сарбаздары алғыс білдірді.
«Керуен-Medicus» медицина орталығының директоры, дәрігер Зинура Сапабекованың айтуынша, 5 қаңтар күні әдеттегідей жұмысқа ерте келген. Бірақ орталық қызметкерлерінің жартысы сол күні жұмысқа жете алмаған. Біреуі жол жабық десе, екіншісі қоғамдық көліктер жүрмей жатқанын айтқан.

«Біз жұмысқа келген аздаған қызметкерлерімізбен күнделікті ісімізге кірістік. Клиника жұмыс істеп тұрды. Бірақ келген ем алушылардың саны көп болған жоқ. Күндізгі сағат ондар шамасында гүрсілдеген дауыстар ести бастадық. Басында Жаңа жыл мерекесінен қалған фейрверктерді атып жатқан болар деп, аса мән бермедік. Орналасқан жеріміз Төле би көшесіне жақын еді. Бізге келген ем алушылар Төле би көшесінің бойымен алаңды бетке алған халықтың саны қалың екенін айтып жатты. Бір сағаттан кейін жаңағы қалың топ біздің медициналық орталықтың қасынан өтті. Қолдарында қару, арматура, полицияның қалқаны мен каскасы бар, кімнің-кім екені белгісіз адамдар өтіп жатты. Бұл көрініс өте қорқынышты еді. Біз бұл жерде ешкім жоқ деп ойласын деген есеппен, клиниканың жарықтарын өшіріп, есіктерін жаба бастадық»,-дейді ол.

Емхана қызметкерлері күтпеген жерден форма киген 5 адамның орталық қоршауының қақпасынан секіріп кеткенін байқап қалды. Екеуі ары қарай кетті, үшеуі ғимаратқа қызметтік есік арқылы кіріп, емхана дәрігерлерінен көмек сұрап жүгінді. Белгілі болғандай, олар Ұлттық ұланның сарбаздары екен.
«Сарбаздар өздерінің соңынан бір топ адам қуып келе жатқанын айтып, бір жерге жасыруымызды өтінді. Олар жарақат алған. Орталығымыз 4 қабатты, ең жоғары қабатында ота жасау бөлімі бар. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ем алушылардың көбі үйлеріне шығып кеткендіктен, ол бөлім бос болатын. Біз сарбаздарды жоғарыдағы әр кабинетке жасырып қойдық. Артынша әскерилерді іздеген 40-50 адам клиникамызға баса-көктеп кірді. Осы екі аралықтағы уақытты кейін бейнебақылау камерасынан қарасақ, 5 минутқа да жетпейді екен. Қазір сол уақытта қалай жасырып үлгергенбіз деп ойлаймыз»,- деп еске алды дәрігер.
Зинура Сапабекова келіссөз жүргізіп, бұзақыларды жаралы сарбаздарға тиіспеуге көндірді.
« Олардың қолында түрлі суық қару болды. Кіре сала, кабинеттердің есіктерін сындырып, әскерилерді іздей бастады. Бұзақылар ары-бері жүгіріп жүріп, бір сарбазды тауып алды. Мен жауынгерге араша түсуге тырыстым. «Бұл - жас бала, сарбаз. Өздеріңнің де осындай бауырларың бар шығар. Оған тиіспеңдер», деп қатты-қатты сөйледім. Өзім қатты қорқып тұрдым. Менің сөзім әсер етті ме, ішіндегі біреуі «жас бала екен, тиіспеңдер», деп қалғандарын алып шығып кетті. Олар кеткен соң да, қайтып келе ме деп қауіптеніп, жарты сағатқа дейін, қозғалмай отырдық. Содан кейін ғана сарбаздардың қасына барып, жараларын таңып, медициналық көмек көрсете бастадық. Біреуінің аяғы сынған екен, біреуінің басы жарылған»,- дейді Зинура Сапабекова.

«Керуен-Medicus» медицина орталығы директорының сөзінше, қиындыққа тап болған жастарға қолдау көрсету кез келген адамның азаматтық борышы.
«Бұл оқиғаны естіген адамдар үлкен ерлік жасапсың деп жатыр. Мен бұл ісімді ерлік деп санамаймын. Мұндай жағдайда әрбір саналы азамат осылай жасар еді. Мен сарбазға араша түстім. Себебі оның жазығы жоқ. Ол біздің тыныштығымыз бен қауіпсіздігімізді қорғап, зардап шекті. Қаңтардың қорқынышты күндері есімізде ұзақ уақыт бойы сақталатыны сөзсіз. Өте қиын күндер болды. Енді мұндай күндер қайталанбаса екен. Елімізде тыныштық болсын»,- дейді ол.
Алғыс айту күні Ұлттық ұлан сарбаздары емханаға арнайы барып, естелік сыйлықтарын табыстап, дәрігерлерге шексіз алғыс айтты.