12:58, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлбике Жангелдіқызы
Ұлбике Жангелдіқызы (1825-1849) – қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы.

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Шыққан тегі ? Ұлы жүз ішіндегі Ошақты руы, Тасжүрек. Туған жері Сыр өңірі болғанымен, жастық шағы Талас өзені бойында өткен.
Ұлбикенің бойындағы туа біткен ақындық дарынының ертерек ұшталуына әкесі Жангелді мен анасының ықпалы айрықша болды. Бұл жөнінде ақынның өзі былай дейді:
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,
Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.
Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,
Өлеңімді әнімен баптап алғам.
Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,
Бесігімде үйренгем мен өлеңді.
Балапандай кезінде қайран шешем,
Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.
Ұлбике 12-13 жасының өзінде-ақ айтар ойын ұрымтал өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздері төңірегін тәнті етіп, атақ-даңқы ауыл арасынан әріге жайыла бастайды. Әке шаңырағында бұла болып өскен қыз өз ортасындағы оқу-білімді игерген, көзі қарақты жан болғанға ұқсайды. Өзінің өлеңінде:
әптиектің ішінде «пе» болады,
Қос ноқат қойса үстіне «те» болады ? деуіне қарағанда, бойындағы ақындық дарынды жазба мұралар арқылы да ұштаған болу керек.
Ұлбике оң-солын танып, бой жете бастаған кезде Ошақтының Есмырза деген дуалы ауыз биі әулетін бастап, Әулиеата маңына көшіп келеді. Сол кезден бастап Ұлбикенің ақындығы айрықша қарқын алып, жұрт мойындаған көшелі ақындармен айтыстың додасына түсе бастайды. Күдеріқожа, Майлықожа, Серәліқожа, Мәделіқожа, Ізтілеу, Таспа ақын сияқты сол кездің сөз ұстағандарының талайы Ұлбикемен айтыста жеңіліске ұшырайды. Оның ақындық тегеуіріне, тапқырлық шалымына жан баласы шыдамайды. Бұл туралы сөз асылын терген әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай дейді: «Бұрынғылар домбыра ұстап: «Қайым білесің бе?» ? деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «Қайым» өлеңінің басын Күдеріқожа мен Ұлбике айтқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі ? мақал, тақпақ. Күдеріқожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде оның әкесі «Бала, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұқарға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен сен айтысуға жарамайсың», - деген екен».
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бұл дерегінен Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл ақын екені аңғарылып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың сөз өнерінде ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ақын ретінде дараланады.
Ұлбике ? ойы ұшқыр, өлеңі сұлу, кісілік парасаты өрелі ақын. Бірде Майлықожа ақын оған әзілдеп: «Түсімде алтын зеренге қымыз құйып отыр екенсің» - депті. Сонда Ұлбике іркілместен:
«Басыма салып жүрмін желегімді,
Үш-төрт жыл біле алмадым дерегіңді.
Мүттәні теріс оқыған зәлім қожа,
Тауып бер көнегім мен зеренімді», - деген екен. Ақын бұл сияқты ұтқыр уәждердің небір тамаша үлгілерін жүрген жерлерінде маржандай шашып отырған. Сол мол мұрадан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Бұл ? жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл күй толғаулары. Көптеген айтыстары «Айтыс» жинақтарына енді.
Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М.Ж.Көпейұлы, Ә.Диваев, В.Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. Ақын қыз туралы Ә.Диваев «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», - деп жазды. Ұлбикенің шығармаларын В.Радлов Петербор қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады. М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Жолдасбеков сияқты білікті ғалымдар оның ақындығына жоғары баға берді. Ақын Қ.Мырзалиев Ұлбикенің ауыр тағдырын толғаған «Мың бір мұң» атты трагедия жазды.
Ұлбикенің ғұмыры қызалдақтай келте болды. Тәңірі шебер оны ақындық өнерпаздығына қоса, хор қызындай көрікті етіп жаратты. Оны ақындар «аққудың жүнді үрі», «тілі шешен, жүзі көркем» деп өлеңге қосты. Алайда «бір кем дүние» деген емес пе, Ұлбикенің күйеуі Байтан өнердің парқын білмейтін ұр да жық, қызғаншақ адам болып кездесті. Ұлбике нағыз кемеліне келіп, ақын ретінде төңірегін тәнті ете бастаған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болды.
Ұлбикенің соңында қалған өлмес өнері рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасай береді.
Дереккөзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том
«Тарихи тұлғалар» кітабы