«Ұлдана етбетімен жатты»: марқұм фельдшердің әріптесі сотта тұрғын үй қасбетінің опырылған сәті жөнінде айтып берді

АСТАНА. KAZINFORM — Фельдшер Ұлдананың қазасына қатысты сот отырысында қайғылы оқиға күні марқұмның жанында болған әріптесі Ділназ Байзақова куәгер ретінде жауап берді.

«Ұлдана етпетінен жатты»: марқұм фельдшердің әріптесі сотта тұрғын үй қасбетінің опырылған сәті жөнінде айтып берді
Видеодан алынған кадр

Байзақованың айтуынша, 8 қараша оның демалыстан кейінгі алғашқы жұмыс күні болған. Ұлдана Мырзуан 72-бригаданың аға фельдшері болса, ал Байзақова оның көмекшісі қызметін атқарған.

— Сағат 8:30–да алғашқы шақырту түсті. Оны орындап, таңғы ас ішу үшін қосалқы станцияға қайттық. Содан кейін Ұлдана бірінші дәрежелі шақырту түскенін айтты. Шақырту себебі жөнінде «қабырға опырылды» деген хабар алдық. Біз бірден жолға шықтық, — деді куәгер.

Оқиға орнына олар шамамен 7-8 минутта жеткен. Көшедегі адамдар медицина қызметкерлеріне нақты қай жерге бару керектігін көрсеткен. Дүкен маңындағы тар өткелде екі зардап шеккен адам Айнұр Нұрпейісова мен Жангелді Қалиев жатқан. Ал ауыр жарақат алғанмен, есін білген Гүлнәр Қалиева жуық жердегі дүкен ішінде отырған.

— Бастапқыда не құлағанын түсінбедік, әйтеуір, кірпіштер жатты. Әйел адамды көтеріп, ішке кіргізгіміз келді. Сол сәтте, енді ғана көтерейін деп жатқанымызда, үстімізге бірдеңе құлады. Ауырғанынан оның кірпіш екенін түсіндім, — деді фельдшер.

Ауыр соққыдан кейін, Байзақова құлап қалған. Орнынан тұрған соң, ол Ұлдананы көрген.

— Мен құлап қалдым. Бәрі өте бұлыңғыр еді. Орнымнан тұрып, Ұлданаға қарасам, ол етпетімен жатыр екен. Оны көтердім… Денесінің сау жері қалмағандай көрінді, құлағы мен мұрнынан қан атқылап жатты, — деді ол көз жасына ерік беріп.

Куәгердің айтуынша, Ұлдана Мырзуан ес-түссіз болған. Көп ұзамай екінші жедел жәрдем бригадасы келіп, оны алып кеткен. Байзақова оқиға орнында басқа зардап шеккендермен қалып, қосымша бригадаларды шақырған.

— Мен жалғыз қалдым. Аға дәрігерге телефон шалып, Ұлдананы алып кеткенін, өзімнің жалғыз қалғанымды және мұнда үш зардап шеккен адам бар екенін айтып, бригадалар жіберуді сұрадым. Ұлдананы алып кеткеннен кейін, бірден ТЖМ қызметкерлері келді, — деді ол.

Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды шығарып алуға кіріскен. Кейін Байзақова талып қалып, ауруханада есін жиған.

Фельдшердің өзі жабық бас-ми жарақатын алған, миы шайқалған және оған амнезия диагнозы қойылған. Денсаулығына орташа ауыр деңгейдегі зиян келді деп баға берілген.

Жәбірленушілер өкілінің сұрақтарына жауап бере отырып, ол үйінді астында қалған әйелдің жағдайын да айтты.

— Нұрпейісованың жағдайы ауыр болды. Ол есін біліп жатты, бірақ қозғала алмады. Ер адам да қозғала алмады, — деді Байзақова.

Сотта медицина қызметкерлерінің құтқарушылар келгенге дейін қауіпті аймаққа неліктен кіргені де талқыланды. Фельдшердің айтуынша, қасбеттің қайта құлау қаупі туралы оларды ешкім ескертпеген.

— Ұлдана екеуміз бірге солай шештік. Дүкендегі адамдар: «Көмектесіңдер, не қарап тұрсыңдар?!» деп айқайлады. Қасбеттің құлау қаупі туралы бізге ешкім ескерткен жоқ, — деді ол.

Қорғаушының сол сәтте қауіпсіздік техникасы талаптары сақталды ма деген сұрағына куәгер: «Сол кезде — жоқ», — деп жауап берді.

Байзақова, сондай-ақ, опырылған жердің қоршауға алынбағанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысында зардап шеккендердің бірі Жангелді Қалиев жауап бергенін жазғанбыз.