Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлдана Мырзуан ісін жүргізетін судья соттан шеттетілмеді

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы С. Сембаев фельдшер Ұ. Мырзуан қазасына қатысты сот отырысында судьяға қарсылық танытқан адвокат өтінішін қанағаттандырмады.

Ұлдана Мырзуан ісін жүргізетін судья соттан шеттетілмеді
Фото: Видеодан скрин

Сот талқылауында айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Асхат Әлімов төрағалық етуші судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдіру туралы өтініш берген еді. Оған судья М. Абаеваның адвокаттың сот талқылауын кейінге қалдыру және қылмыстық іс материалдарымен танысуға уақыт беру туралы өтінішін қанағаттандырмауы себеп болған.

Адвокат бұл іске тек 2026 жылғы 20 тамызда кіріскенін көрсетіп, жеткілікті уақыттың болмауы өз қорғауындағы С. Жұбаниязованың Конституциямен кепілдік берілген қорғалу құқығын бұзатынын, сондай-ақ оның қорғаушы ретіндегі құқықтарын шектейтінін айтқан. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабы 1-бөлігінің 6) тармағына сілтеме жасап, судьяның осы істің нәтижесіне жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі екенін алға тартқан.

Сот отырысында судья Абаева қарсылықты қарау үшін үзіліс жариялады. Оны Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Самат Сембаев қарады.

— Сот процеске қатысушылардың пікірлерін тыңдап, мынадай қорытындыға келді. Қылмыстық-процестік кодекстің 87-бабының 1-бөлігінде көзделген судьяға қарсылық білдіру негіздерінің тізбесі кеңейтілген түсіндіруге жатпайды. Бұл жағдайда қарсылық білдіруге адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тарту түрінде төрағалық етуші судья қабылдаған процестік шешім негіз болған. Алайда мұны істің нәтижесіне деген жеке мүдделілік деп бағалауға болмайды. Осы мән-жайларды ескере отырып, қорғаушы судья Абаеваны қылмыстық істі қарауға қатысудан шеттету қажет деп санайтын негіздер орынсыз деп танылады. Себебі судьяның істің нәтижесіне жеке мүдделі екенін көрсететін жеткілікті дәлелдер ұсынылмаған, — деді Самат Сембаев.

Осылайша, сотталушы С. Жұбаниязованың қорғаушысы, адвокат А. Әлімовтың қылмыстық іс бойынша төрағалық етуші судья М. Абаеваға білдірген қарсылығы қанағаттандырылмады.

Қаулыға шағым беруге болмайды. Қаулымен келіспеу туралы уәждер апелляциялық шағымда және прокурордың өтінішхатында көрсетілуі мүмкін.

Еске сала кетсек, фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 тамызда басталған еді.

Бұған дейін сот жаңа қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысуға қосымша уақыт беру туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Сол себепті қорғау тарапы судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді.