Ұлдарының корольдарша тәрбиеленгенін қаламайды
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кембридж герцогі Уильям ханзаданың зайыбы бала тәрбиелеуде король дәстүрін ұстанғысы келмейді. Кейт Миддлтон патша әулетінде тұңғыш болып, бала күтуші қызметінен бас тартты, деп жазады alashainasy.kz.
Ханзада мен оның әйелі тұңғыш ұлы Джорджді қарапайым ата-аналар сияқты тәрбиелеуді ұйғарып отыр. «Кейт Джордждің туған ата-анасынан гөрі бөтен адамдарға, әсіресе бала күтуші әйелдерге бауыр басқанын қаламайды. Ол үшін ұлы - өмірінің мәні. Герцогиня ана болғалы бері бала тәрбиелеуде өз ұстанымын енгізді. Мысалы, ол Лондоннан алыс кетпейді және баласынан бөлек жерде түнемейді», - дейді Уильям. Кейт пен Уильям бала өсіру мен қызметті қатар алып жүре аламыз деп отыр. «Өзге ерлі-зайыптылар да күтушінің көмегінсіз бала бағып жатыр, біздің жұрттан қай жеріміз кем?» - дейді ханзада.