Ұлды болғанын жуған: Астанада 26 жастағы мас жүргізуші куәлігінен айырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлері түнгі уақытта Қабанбай батыр даңғылының бойынан бампері зақымдалған автокөлік байқап қалады. Көлік құралының жол апатына ұшырағанын анықтау үшін қызметкерлер оны тоқтатады. Көлік тізгіндеген 26 жастағы жүргізуші мас болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлды болғанын жуған: Астанада 26 жастағы мас жүргізуші куәлігінен айырылды

Ішімдікке сылқия тойған жас жігіт аяғын бас алмай, одан алкогольдің иісі шығып тұрған.

Ол патрульдік полиция қызметкерлерімен әңгімелесу кезінде ұзақ күткен ұлы дүниеге келгенін, соны атап өткенін айтып берген.

Жүргізуші медициналық тексеруден өтіп, орта деңгейде мас болғаны анықталған.

Сондай-ақ, ол бұған дейін мас күйде көлік жүргізгені үшін соттың шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған болып шықты.

Алайда, жүргізуші бұған дейін жазаланғанына қарамастан, тағы да мас күйде рульге отырған. Жас жігіт тұтқындалып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Оған қатысты ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Соттың шешімі бойчнша, тергеу жүріп жатқан кезеңде жүргізуші 2 айға дейін қамауда отыруы мүмкін.

Мас күйде көлік жүргізу фактілері туралы 102 нөміріне хабарлауға болады.