Үлескерлер мәселесі 2016 жылы түпкілікті шешілетін болады - Ұлттық экономика вице-министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы үлескерлер мәселесі 2016 жылдың бірінші тоқсанына қарай түпкілікті шешімін табатын болады. Бұл туралы бүгін «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.

Үлескерлер мәселесі 2016 жылы түпкілікті шешілетін болады - Ұлттық экономика вице-министрі

Вице-министрдің деректеріне сүйенсек, 2007 жылғы дағдарыс барысында елімізде 450 тұрғын үй кешені құрылыс барысында тоқтап қалған. Соның салдарынан 68 117 үлескер жапа шеккен. Кейіннен мемлекет бұл іске араласып, тиісті шешімдер қабылдады.

«Нәтижесінде барлық мәселе шешімін тауып жатыр. Қазір 2097 үлескер қатысатын 16 жоба проблемалы күйінде тұр. Біз бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстап келеміз. Соның ішінде 9 жобаның құрылысы жақын аралықта аяқталады. 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр, барлық мәселелер 2016 жылдың бірінші тоқсанына қарай шешімін таппақ», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, 2007 жылғы дағдарыстан кейін үлестік құрылыс туралы заң 2010 жылы қабылданып, онда үлескерлер қаражатын тартуға қатаң шаралар қабылданған.

«Сол жылдан бері үлестік құрылыс бойынша бір ғана лицензия берілгенімен, ол пайдаланылмай қалды. Сондықтан да, мамандар мұндай механизм құрылыс салушылар үшін қызықсыз екенін алға тартады. Ал керісінше, үлестік қатысуға қарапайым азаматтар тарапынан қызығушылық жоғары болып отыр», - дейді Қ.Өскенбаев.