Үлескерлер үйсіз қалмайды
АСТАНА. Сәуірдің 11-і. ҚазАқпарат /Таңатар Табынұлы/ - Осы аптада Үкімет үлескерлер мен ипотекалық несие алған салымшылардың мәселесіне тағы назар аударды.
Бір топ астаналық салымшылар Үкімет басшысына шағымданып, үндеу-хат жолдаған болатын. Осы өтінішке Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жедел үн қатты. Үлескерлер арызданған күннің ертеңіне, яғни сәуірдің 10-ында Министрлер кабинетінің жанынан құрылған Дағдарысқа қарсы кеңестің отырысын ашқан Кәрім Мәсімов астаналық бір топ үлескерлердің өзіне жүгінгенін, олардың үндеу-хаттарының барлығы қаралғанын мәлімдеді. «Несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы біздің мәселемізді шешпей отыр. Біздің талабымыз ? қарыздарымызды өтеуді екі жылға шегеруді сұраймыз», делінген «Лайықты баспана үшін!» іс-шараларына қатысушылардың үндеу-хатында. Сонымен қатар Астана қаласындағы Мичурин кентіндегі «Наурыз» коттедждер қалашығындағы үлескерлердің атынан хат жолдаған А. Лаптева «АБК-5» ЖШС-ның 2007 жылдан бері құрылысты қолға алмағанын, жергілікті биліктің бұл мәселені шешуге шарасыздық танытып отырғанына шағымданыпты. Осыған орай Үкімет басшысы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке «Наурыз» коттедждер қалашығының құрылысына қатысушы үлескерлер мәселесін бір аптаның ішінде қарап, қажетті іс-шаралар қабылдап, ол туралы арызданушылар мен Үкіметті хабардар етуді тапсырды. Сондай-ақ, бірінші вице-премьер Өмірзақ Шүкеевке де бір аптаның ішінде арызданушылар көтерген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға қатысты тиісті іс-әрекеттерді жүзеге асыру жүктелді.