Үлескерлерді қорғау: салынып жатқан тұрғын үйді тек қолма-қол ақшасыз сатып алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Ақтауда 250 ге жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Заң үлестік құрылыс саласын мемлекеттік реттеуді күшейтуге, заңсыз құрылыс үлесін қысқартуға, мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, автожол саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.

- Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратты бойынша елімізде тұрғын-үй үлестік құрылысын салу бағытында 99 үй рұқсатсыз салынған және 42 проблемалық үй бар. Осы факторлар кейбір құрылыс салушылар азаматтық қатынастарға сілтеме жасай отырып, жеке тұлғалармен әртүрлі келісімшарттар жасайтындығына байланысты. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпеу және нысандарды тапсыру мерзімдерін кешіктіру, сапасыз құрылыс пен үлескерлер үшін шығындар сияқты жағымсыз салдарға әкеліп отыр. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысы қызметінің ашықтығын, мәмілелердің қауіпсіздігін, үлескерлердің ақшасын мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленісті және бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған шараларды қабылдау мақсатында осы заңмен тиісті негізгі новеллалар көзделген, - деді сенатор Сүйіндік Алдашев.

Осы орайда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бөлігінде салынып жатқан үйлерде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу, үлескерлердің қаржыларын тартуға рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу, салынып жатқан тұрғын үй нарығында үлескерлердің ақшасын тартудың заңдылығы бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) бақылау жүргізуі ескерілген. 

Мұнымен қоса, салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйде жылжымайтын мүлік сатып алуға ипотекаға тыйым салуды, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үйді тек қолма-қол ақшасыз нысанда сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүргізуді, тұрғын үй құрылысының ұзарту мерзімін 9 айдан 5 айға дейін қысқартуды көздейді.

- Халықтың мүдделерін қорғау мақсатында азаматтарға тұрғын үйді қауіпсіз сатып алу туралы кеңес беру, белгілі бір құрылыс салушыларда ЖАО рұқсатының немесе бірыңғай оператордың кепілдігінің болуы туралы ақпарат беру үшін Үлескерлерді қолдау орталығы құрылады. Сонымен қатар, аз қабатты құрылысты дамыту мақсатында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңының реттеу саласына «жеке тұрғын үйлер кешені» ұғымы енгізіледі, - деді депутат.

Бұдан бөлек, бұл заңда жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының сапасын арттыру бағытында төмендегідей өзгерістер ескерілген:- мердігерлер мен жобалаушыларды қоса алғанда, саланың барлық қатысушылары үшін ашықтықты қамтамасыз ету үшін жол-құрылыс материалдары мен технологиялары бойынша бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу; - техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асыратын адамдар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының субъектілеріне теңестіріледі.

- Мүгедектігі бар адамдарды инватаксиде тасымалдау бөлігінде тиісті нормалар енгізілді. Өңірлерде мүгедектігі бар адамдардың көп санын қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер порталы арқылы инватакси қызметтерін көрсету мүмкіндігін кеңейту қарастырылды (қазіргі уақытта инватакси қызметтерін мемлекеттік сатып алу арқылы жеткізушілер көрсетеді), - деді Сүйіндік Алдашев.

Еске салсақ, биыл үлескерлерден заңсыз 5,5 млрд теңгеден астам қаражат тартқан компания басшылары сотталды

Соңғы жаңалықтар