16:36, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Үлестік құрылыс туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін нарықта тек ірі компаниялар ғана қалады - Премьер-Министрдің орынбасары
АЛМАТЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Парламентке ұсынылған үлестік құрылыс туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін мүлік нарығында тек ірі компаниялар ғана қалады. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бүгін Алматыда қала мен облыстағы құрылыс саласындағы мәселелерді талқылауға арналған мәжілісте мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы негізгі 8 бағыттан тұрады. Оның екеуін қадағалау маған жүктелді. Бұл мүлік нарығы мен агроөнеркәсіптік кешенді тұрақтандыру болып отыр. Жалпы елдің мүлік нарығындағы проблемалардың 80 пайызы Астана мен Алматы қалалаларында. Ипотекалық дағдарыстан кейін ұсыныс сұраныстан бірнеше есе асып түсті де, ипотекалық несиелендіру күрт кеміп кетті. Сондықтан үкіметте тұрғын үй нарығындағы ұсынысты азайту мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды», деді Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, бұл шара ең алдымен Парламентке үлестік құрылыс туралы заңның жаңа редакциялық жобасын ұсынудан басталған. Ол мүлік нарығындағы бизнесті қатайтпақ және заң қабылданғаннан кейін бұл нарықта тек ондаған аса ірі компаниялар ғана қалуы мүмкін. Ал жылдам табыс табуды көздеген ұсақ компаниялар үшін мүлік нарығы тиімсіз болады. Сондай-ақ онда болашақ үлескер банк, сақтандыру және мемлекеттік құрылымдар арқылы жүзеге асырылатын рұқсат беру жүйелерімен жоғары деңгейде қорғалатын болады.