Үлестік құрылысқа қатысушылар өз үйіне кететін шығынды, үйінің түпкі бағасын алдын ала білуі тиіс - С. Нокин
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үлестік құрылысқа қатысушы азаматтар өз үйіне кететін шығынды, үйінің түпкі бағасы қандай болатынын алдын ала білуі тиіс.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тұрғын үй құрылысы туралы жаңа редакциядағы заңға сәйкес, үлестік құрылыс бойынша клиенттерге сараптама қорытындысы шығарылған жобалық-сметалық құжатты ұсыну міндетті түрде талап етіледі. Жалпы, бүгінгі күні үлестік құрылысқа қатысатын тұрғын үй бағасы мен сатып алынатын тұрғын үйдің бағасында айтарлықтай айырмашылық болмай отырғанын байқауға болады. Мәселен, біз негізінен Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үй құрылысы бағаларын салыстырып қарадық. Бұнда үлестік және коммерциялық тұрғын үй бағасы шамалас болып отыр. Тексере келсек, клиенттерді арбау үшін үлестік қатысуда компаниялар арзан бағаны жариялаған секілді болады, бірақ түптің түбінде олардың құны нарықтағы құнмен бірдей боп шығады», деді С. Нокин.
Оның айтуынша, егер клиенттер өздері сатып алатын пәтердің әрбір шаршы метрінің түпкі бағасын, оған кететін шығындардың қалай жоспарланғанын білетін болса, құрылыс салушылар үй бағасын негізсіз көтере алмас еді. «Бұның барлығы үлестік құрылыс нысанын мемлекеттік сараптаудан өткізу барысында айқындалып отырады», деді Агенттік төрағасы.