Үлестік құрылыстағы проблемалы нысандар қашан толық аяқталады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде үлестік құрылыс бойынша проблемалы нысандар қай қалаларда көп кездесіп жатыр? Бұл сұраққа ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауап берді.

Тұрғын үй
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы проблемалы объектілер 11 өңірде тіркелді. Атап айтқанда, бұл тізімде Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы, Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы бар, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл тұрғыда Қазақстан Президентінің сайлауалды бағдарламасында үлестік қатысуы бар барлық проблемалы үйлердің құрылысын аяқтау бойынша нақты тапсырма берілді. 

— Тапсырма аясында өңір әкімдерімен проблемалы нысандарды аяқтау бойынша 2026 жылдың соңына дейін Жол картасы бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып жалғасып жатыр, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, биыл маусым айында сенатор Сүйіндік Алдашев бүгін Сенат мақұлдаған заң аясында үлескерлерді қорғаудың жаңа тетіктеріне қатысты түсінік берді. 

Мәселен, үй сатып алғысы келетін адам қолма қол ақшасын банкке апарып салады, ал банктен ары қарай іске асырылатын транзакция кезінде құрылыс компаниясына төленген қаражат анық көрініп тұрады.

Осы орайда ол тұрғын үй сатып алғысы келетін кез келген адам қаражатын тек банк арқылы төлейтінін, яғни құрылыс компаниясына тікелей қолма қол ақша салмайтынын нақтылады.

Сонымен қатар депутат салатын көпқабатты тұрғын үйде жылжымайтын мүлік сатып алуға ипотекаға тыйым салу нормасын түсіндірді.

— Енді құрылыс басталмай тұрып, банк ипотека бермейді. Алдымен, тұрғын үйдің заңды салынуы тексеріледі. Бұл қадамдар үлескер алданып қалмауы үшін жасалып отыр, — деді сенатор.

Бұған дейін Астанада үлескерлер 4 млрд теңге құйған тұрғын үй сүрілгенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар