Үлестік құрылыс: баспана сатып алуға жұмсалатын қаражат ашық көрініп тұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Cенатор Сүйіндік Алдашев бүгін Сенат мақұлдаған заң аясында үлескерлерді қорғаудың жаңа тетіктеріне қатысты түсінік берді.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер салынып жатқан тұрғын үйді тек қолма-қол ақшасыз нысанда сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүргізу тәртібіне қатысты сұрақ қойды.
- Бұл талап келісімшартта барлығы ашық болуы үшін енгізілді. Мәселен, үй сатып алғысы келетін адам қолма қол ақшасын банкке апарып салады, ал банктен ары қарай іске асырылатын транзакция кезінде құрылыс компаниясына төленген қаражат анық көрініп тұрады, - деді С. Алжашев.
Осы орайда ол тұрғын үй сатып алғысы келетін кез келген адам қаражатын тек банк арқылы төлейтінін, яғни құрылыс компаниясына тікелей қолма қол ақша салмайтынын нақтылады.
Сонымен қатар депутат салатын көпқабатты тұрғын үйде жылжымайтын мүлік сатып алуға ипотекаға тыйым салу нормасын түсіндірді.
- Енді құрылыс басталмай тұрып банк ипотека бермейді. Алдымен, тұрғын үйдің заңды салынуы тексеріледі. Бұл қадамдар үлескер алданып қалмауы үшін жасалып отыр, - деді сенатор.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.