Концлагерьде болған атыраулық кейуанаға 1 млн теңге беріледі

Қаза тапқан 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды
Фото: gov.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерь тұтқынында болған кейуана тұрады. Жеңіс күні қарсаңында оған 1 млн теңге беріледі.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, Жеңіс күні қарсаңында 2 060 адамға біржолғы әлеуметтік көмек беру үшін 218,5 млн теңге бөлінген.

«Қазір Атырау облысында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагер тұтқынында болған 1 адам тұрады. Ол – 93 жастағы Екатерина Абсатырова. Оған Жеңіс күніне қарсаңында 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек беріледі. Жеңіске үлес қосып, түрлі марапатқа ие болған 21 тыл ардагердің әрқайсысына берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері – 100 мың теңге. Тылда еңбек еткенімен, ешқандай марапат алмаған 903 ардагерге 50 мың теңгеден біржолғы ақшалай көмек көрсетіледі», - дейді Азамат Мәмбетов.

Оның дерегіне сүйенсек, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға қатысқан 170 ардагеріне 150 мың теңгенің әлеуметтік көмегі төленеді. Сондай-ақ, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан 965 ардагерге де осындай көлемде қаржылай көмек беру көзделіп отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын алматылық ардагерлерге 2 млн теңгеден берілетіні хабарланған еді. 

Соңғы жаңалықтар