«Ұлы Жеңіске арналады»: Астанада рухты концерт өтті
АСТАНА. KAZINFORM — 9 мамыр — Жеңіс күні. Төрт жылға созылған сұрапыл соғыста ата-бабаларымыздың ерлігімен Жеңіске жеттік. Бүгінде осы айтулы күннің құрметіне еліміздің әр өңірінде түрлі рухани шаралар ұйымдастырылады.
Астана қаласында да Жеңіс күніне орай «Ұлы жеңіске арналады!» атты мерекелік концерт өтті. Мерекелік шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы қалалық алаңда өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің басты мақсаты — Отан үшін жанын қиған қаһармандарды еске алып, жас ұрпаққа бейбіт күннің қадірін түсіндіру.
Концерт шымылдығы Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы үрлемелі оркестрінің патриоттық шығармаларымен түрілді. Түрлі аспаптардың үні мен жанды дауыста орындалған әндер көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Майдан даласында сарбаздарға күш берген шығармалар да концерттік бағдарламадан тыс қалған жоқ.
Үрлемелі оркестрдің орындауында Жеңіс күнінің рухын сезіндіретін «День Победы» әні де шырқалды. Осы сәтте көрермен орнынан тұрып, әнді қосылып айтты. Бұл көрініс ерекше құрмет пен ілтипаттың белгісін көрсетті.
Салтанатты іс-шараға қала тұрғындары бір кісідей қатысты. Жиналған қауым бейбіт күнді сыйлаған батырларды еске алып, ұмытылмас ерліктерін дәріптеді.
— Концерт туралы ақпаратты интернеттен көріп, әдейі тамашалауға келдік. Жұбайым, балаларым және туыстарымды ертіп әкелдім. Үрмелі аспаптар музыкасы әрдайым жағымды естіліп, ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Бәрі де көңілге қонымды, әсерлі өтіп жатыр. Менің арғы атам Павел де Азамат соғысына және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ол кісіде Қызыл Жұлдыз ордені бар. Соғыстан аман-есен оралып, Еуропаға дейін жеткен. Осындай рухты концертке арғы атамның суретін де ала келдім, — дейді Астана қаласының тұрғыны Виктор Квачков.
Мұнан соң концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Ақбота Құснадин мен Мұратбек Хайролда өнер көрсетті. Әрбір өнерпаздың орындаған әні көрерменнің ыстық қошеметіне бөленді. Тіпті әннен жігер алған жас балалар өз еркімен сап түзеп, әскери сәлем беріп өтті.
Шараға келген тұрғындар жанды дауыста шырқалған рухты әндерді тыңдап өзгеше әсер алдық дейді.
— Мен Астанада алты жыл тұрсам да, мұндай концертке алғаш рет келіп тұрмын. Сіңлімді де ерте келдім, екеуміз бірге келіп, концерттің басталу сәтін асыға күттік. Атмосферасы ерекше әсерлі, өнер мен тарихты қатар сезінуге мүмкіндік алдық. Кейбір рухты әндерді тыңдай отырып, көзіме жас алдым. Бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларымыздың ерлігі үшін рақмет. Астана қаласының әкімдігіне осындай тағылымы терең, рухты іс-шара ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Жеңіс күні құтты болсын! Еліміздің аспаны әрқашан ашық болып, бейбітшілік пен береке салтанат құрсын, — деді Астана қаласының тұрғыны Гүлдана Ашықбайқызы.
Концертке жиналғандардың көпшілігі балаларын және немерелерін ертіп келген. Олар жас ұрпақтың тарихи Жеңіс туралы тереңірек біліп өскенін қалайды. Соғыс жылдарындағы әндер көрерменнің көңілін де толқытты. Жиналған жұрт терең әсерге бөленіп, көздеріне жас алды.
— Бүгінгі ерекше шараға балаларымды ерте келдім. Ата-бабамыз осыдан 81 жыл бұрын не үшін жанын беріп күрескенін сезінсін деген мақсатпен алып келдім. Бейбітшіліктің оңайлықпен келмегенін ұғынсын дедім. Қазіргі біз көріп отырған барлық бақыт — Жеңіске қатысқан әрбір жанның ерлігі мен еңбегінің нәтижесі. Балама да концерт ұнап жатыр. Екіншіден, өнерпаздардың өнеріне қарап, өнерге деген қызығушылығы артып, сол бағытта тәрбиеленсін деп алып келдім, — деді Астана қаласының тұрғыны Рүстем Әбдіжаппар.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 81 жыл толуына орай ұйымдастырылған кеште Әлия Молдағұлованың құрметіне арналған «Әлия» әні де шырқалды. Бұл өнер туындысы көпшіліктің көңілін толқытты.
Ал концерттің екінші бөлімінде белгілі сахна саңлақтары өнер көрсетті. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтыншаш Мұқатаева, Ринат Нұрмұхан, Құралай Мейрамбек сынды дарынды әншілер де өз өнерін ұсынды. «Шалқыма» халық би ансамблінің ұлттық билері де кештің көркін аша түсті.
Бүгінде елімізде 58 соғыс ардагері бар. Шара ұйымдастырушылар олардың ерлігін насихаттауды жыл бойы жалғастыра бермек.