Ұлыбритания 20 жылдан кейін ірі калибрлі қару-жарақ өндірісін қайта бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда 20 жыл ішінде алғаш рет ірі калибрлі қару-жарақ өндірісі қайта жанданды, деп хабарлайды Anadolu.

Ұлыбритания 20 жылдан кейін ірі калибрлі қару-жарақ өндірісін қайта бастады
Фото: Anadolu

Rheinmetall UK компаниясы Телфорд қаласында танк пен артиллериялық зеңбіректердің құрамдас бөліктерін шығаратын кәсіпорынды іске қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі агенттігіне сілтеме жасап.

Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Ұлыбританияның қорғаныс министрі Уэс Стритинг, Қарулы күштер Бас штабының бастығы, генерал Роли Уокер және Rheinmetall AG компаниясының бас атқарушы директоры Армин Паппергер қатысты.

Кәсіпорын 120 және 155 миллиметрлік зеңбіректерге арналған ұңғылар мен бекітпе тетіктерін шығаруға маманданған. Олардың қатарында RCH 155 артиллериялық жүйесі мен болашақта қолданылатын артиллериялық платформаларға арналған бөлшектер бар.

Компанияның мәліметінше, өндірістік қуаттарды қалпына келтіруге сегіз ай қажет болған. Rheinmetall UK кәсіпорынды 2025 жылдың күзінде иеленіп, оны қару-жарақ өндіруге бейімдеді.

Жобаның нәтижесінде жоғары білікті мамандарға арналған 100-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын компания қызметкерлер санын арттырып, Ұлыбританияның шағын және орта кәсіпорындарымен ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.

«Ұлыбритания елді қарсыластардан қорғау үшін Қарулы күштерімізге қажетті қару-жарақты қайтадан өндіре бастады. Бос тұрған кәсіпорынды сегіз ай ішінде толыққанды өндіріс орнына айналдыру – қайта индустрияландырудың қарқынды жүріп жатқанының айқын үлгісі», – деді Уэс Стритинг.

Министр қорғаныс өнеркәсібін дамытудың ұлттық қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, экономикалық өсімге де ықпал ететінін атап өтті.

Кәсіпорынды іске қосу Ұлыбританиядағы ұлттық жеткізу тізбектерін нығайтуға және қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге де бағытталған.

Бұған дейін НАТО болжамына сәйкес, Ұлыбританияның 2026 жылғы қорғаныс шығындары 110 миллиард долларды немесе жалпы ішкі өнімнің 2,56 пайызын құрайтыны хабарланған болатын.

Айта кетелік Жапония, Ұлыбритания және Италия жойғыш ұшақ шығаратын зауыт салмақ.