Ұлыбритания дүкендерінде ұрлық күрт көбейген
Ұлыбритания дүкендерінде ұрлық-қарлық күрт көбейді. Кәсіпкерлер қолының сұғанағы бар адамдарға салынатын айыппұл көлемі аз, полицияның жұмысы сапасыз деп налиды.
Британ бөлшек сауда бірлестігі ұрылар жыл сайын қыруар шығын әкеліп жатыр деп шағымдануда. Сала өкілдері қылмыстың көбеюіне ең алдымен өмір сүру құнының өсуі себеп деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Бұл Лондон оңтүстігіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін азық-түлік дүкені. Қасбетінде қатал полицейдің суреті ілулі тұр. Ішінде «Сатып алынбаған затты дорбаға салуға тыйым салынады» деген жазба бар. Бұдан бөлек дүкеннің әр бұрышында бейнебақылау камералары ілулі. Десе де ұрлау фактілері мұнда күнде орын алады. Жақында ішімдікті қолды қылуға бекінген кезде дүкен қызметкерлері екі ер кісіні дер кезінде құрықтап үлгерді.
«Олар сыра ұрлауға тырысты. Бірі 2 бөтелкені сөмкесіне тығып жіберді. Мұндай фактілер бізде күніне 10 рет тіркеледі», дейді дүкен иесі Бен Селваратном.

Бен құны 200 фунттан, яғни 114 мың теңгеден төмен тауарларды ұрлайтындар заң бойынша сирек жағдайда жауапқа тартылатынына ренжиді. Бен Селваратном қылмыс жасауға көбіне мачете сияқты суық қару ұстанғандар капюшон мен бетперде киіп келетінін айтады. Сондықтан ол кассаны арматураланған шынымен қоршауға мәжбүр болған.
«Бастапқыда біз полицияға оқыс оқиғалар туралы хабарлап тұрдық, бірақ уақыт өте келе олардың әрекетсіздігінен кейін шағымдануды тоқтаттық. Тіркелген қылмыстардың 70-80%-і жабулы күйінде қалатынын құқық қорғау органдарының өздері мойындап отыр. Сондықтан біз жағдайды өз бетімізше шешуге тырысамыз», дейді дүкен иесі Бен Селваратном.

Британ бөлшек сауда бірлестігінің мәліметі бойынша, өткен жылы Англия мен Уэльсте тіркелген ұрлықтардың саны 26 процентке өскен. Ал одан келетін шығын жылына шамамен бір миллиард стерлинг фунтын құрайды. Тіпті баласы бар аналар да ұрлыққа барып, заттарды арбаға жасырады. Ет пен балық консервілерін қолды қылатын зейнеткерлер де көп. Сала өкілдері мұны ең алдымен өмір сүру құнының өсуімен байланыстырады. Егер бұрын қымбат заттар ғана қолды болса, қазір күнделікті тұтынатын тауарларды ұрлау жиілеген. Оппозициялық лейбористер партиясындағылар билікке келсек тәртіпті қатаңдатып, заңды өзгертеміз деп отыр.
«200 фунттан төмен тауардың ұрлығы сирек тергеледі. Егер Лейбористер сайланса, бұл қисынсыз ережеден бас тартып, тағы 13 000 полиция қызметкерін Британ қауымдастықтары мен негізгі көшелерін күзетуге жібереміз. Бізге қала орталықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін батыл шараларды қолға алу қажет», - дейді Ұлыбритания Көлеңкелі үкіметінің Ішкі істер министрі Иветт Купер.

Премьер-министр Риши Сунак бұл жағдайды жәйсіз деп бағалады. 13 ірі Британ ритейлері мен жоғары лауазымды полиция басшысы Мемлекеттік министрмен кездесу үшін Даунинг стрит 10-ға барды. Резиденцияда олар дүкен ұрлықтарының көбеюіне қарсы бірлескен іс-қимыл жоспарын талқылады. Министр қауіпсіздік камераларының жазбалары дәлелдеген барлық қылмысты құқық қорғау органдары тергеуі керек деп кесіп айтты.
«Пегасус жобасы аясында полиция ұрлық оқиғалары туралы бейнебақылау камераларымен түсірілген ақпаратты сауда орындарынан алатын болады. Фото мен видео Ұлттық полиция базасы арқылы тексеріледі. Бет-әлпетті тану технологиясы қолданылып, полицияға ұрылардың бандасы қай жерде шоғырланғанын және олардың қандай дүкенге шабуыл жасағысы келетінін тәртіп сақшылары анықтайды», - дейді Ұлыбританияның Қылмыс, полиция және өрт сөндіру бойынша мемлекеттік министрі Крис Филп.

Іс-шара жоспарын бөлшек саудасымен айналысатындар мақұлдады, бірақ олар «Пудингтің қандай екенін білу үшін алдымен дәмін татып көру керек» деген ағылшындардың ескі мақалын басқалардан жақсы біледі.
Бен Селваратнам да үкіметке сенуден қалған. Оның пайымдауынша, үкімет ең алдымен экономикалық қиындықтарды шешуі керек. Дүкенге иелік еткен 8 жыл ішінде оны 4 рет бөтелкемен басынан ұрған. Құлағының жоғарғы бөлігін тістегеннен кейін оны қайта тігуге тура келген. Бен бизнесін сатуға тырысыпты, бірақ ықтималды сатып алушылар ұрлық шығындарының көлемін білгеннен кейін райынан қайтқан.

