Ұлыбритания ең қиын кезеңді бастан кешіп жатыр

ЛОНДОН. KAZINFORM – Ұлыбритания премьер-министрі елде тек экономикалық ғана емес, қоғамдық ахуал да тұрақсыз екенін мойындады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

кезең
Фото: twitter.com/10DowningStreet

«Жағдай жақсарғанға дейін біраз әбігерге түсеміз», деп мәлімдеді Кир Стармер. Үкімет басшысы қазан айындағы жаңа бюджетті қабылдау қиынға соғатынын, бірақ басқа таңдау жоқтығын ескертті. Консерваторлар болса, саясаткерді «Ешқашан орындағысы келмеген уәделерінен халықтың назарын басқа жаққа аударып отыр» деп айыптады. 

кезең
Фото: twitter.com/10DowningStreet

Кездесу Даунинг стриттегі бақта өтті. Дәл осы жерде бұрынғы үкімет басшысы Борис Джонсон карантин кезінде сауық кештерін өткізіп, қызметінен айырылғаны белгілі. Кир Стармер символизмді түсініп, премьер-министр ретіндегі алғашқы сөзін осында сөйледі. Саясаткер экономиканы ғана емес, қоғамды да құрдымға жіберуге аз қалды деп консерваторларды айыптап, ұлттың терең проблемалары туралы тебіренді.

«Қазан айында бюджет қабылданады және біраз қиналатын түріміз бар. Қазіргі жағдайымызды ескерсек, бізде басқа таңдау жоқ. Кең иықты қоғам мүшелері ауыр жүкті көтеруі керек. Жағдай жақсарғанға дейін біраз әбігерге түсеміз», - деді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Стармер «кең иықты» деп кімді меңзеп отырғанын және бюджетке қандай нақты өзгерістер енгізетіні туралы әзірге айтпады. Ол сондай-ақ жақында болған жаппай тәртіпсіздіктерге тоқталып, көтерілістер 14 жыл билікте отырған консерваторлардың еңбегінің жемісі деп мәлімдеді. Премьер-министр елді қалпына келтіру үшін қатаң шаралар қабылдауға уәде берді. 

«Биылғы тәртіпсіздіктермен күрес 2011-жылға қарағанда әлдеқайда қиын болды. Ол уақытта соттардың батыл әрекет ете алатынына күмәнданбаған едім. Бірақ олай болмады. Ал бұл жолы біз күн сайын қылмыскерлерді тез тұтқындауға және оларды соттауға болатындығына көз жеткізу үшін түрмелердің нақты санын тексеріп отырдық», - деді Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер.

Премьер-министрдің баяндамасы түрлі керағар пікір туғызды. Консерваторлар өздеріне тиесілі айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды. «Лейбористер осылайша салықты көтеруге деген шынайы ниетін көрсетіп отыр», деп мәлімдеді олар. Оппозиция, сонымен қатар, бюджетте дефицит бар дегенмен келіспейді. 

кезең
Фото: twitter.com/10DowningStreet

«Кез келген қаржы жылының ортасында кейбір салаларда артық шығындар, ал басқаларында жетіспейтін тұстар болатыны анық. Салық түсімдері жоспарланғаннан жоғары болуы мүмкін немесе одан аспауы да ықтимал. Лейбористер халыққа салық салу үшін сылтау іздеп отыр», - деді Консервативтік партия төрағасы Ричард Фуллер.

Басқа партиялардың өкілдері де Лейбористерді сынға алды. Елдегі жағдай үшін Тори үкіметі ғана емес Кир Стармер басқарған партия да кінәлі және оны мойындауы керек деп мәлімдеді. Сарапшылар болса, қос партияны да сайлау кезінде ақ сөйлемеді деп айыптады.

«Партиялар шындықты айтқысы келмеді. Олар салықты көбейту, шығындарды азайту немесе қаржылық ережелерді өзгерту керектігі туралы алдын ала білді. Сайлау аяқталғанға дейін олардың ешқайсысы бұл туралы жақ ашпады», - дейді Қаржылық зерттеулер институтының директоры Пол Джонсон.

Лейбористер үкіметі өзінің алғашқы бюджетін таныстыруды жоспарлап отыр. Британ халқының экономикалық қайта құрудың қиын кезеңдеріне дайын болудан басқа амалы жоқ. Премьер-министр ауыр, бірақ қажетті шешімдер алдында шыдамды болуға шақырып әлек.

Қаржы министрі бұған дейін мұрагерлік және байлық салығын көтеріп, зейнетақы жеңілдіктері саласындағы реформаларды қолға алатынын жоққа шығармаған еді. Бұған қоса үкімет қыс мезгілінде әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері мен жылуға берілетін жәрдемақылардың қысқарғанын жариялап, халықтың алаңдаушылығын тудырды.

Астанадағы Н. Тілендиев даңғылының бір бөлігі 7 күнге жабылады
Ұқсас жаңалықтар

Астанадағы Н. Тілендиев даңғылының бір бөлігі 7 күнге жабылады