Ұлыбритания королі 35 жылдан соң алғаш рет АҚШ Конгресінде сөз сөйледі

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания королі Вашингтонда АҚШ Конгресінің екі палатасы алдында сөз сөйледі. Ол 1991 жылы анасы ІІ Елизаветадан кейін 35 жылда Өкілдер палатасы мен Сенатта сөз сөйлеген алғашқы британ монархы болды, деп хабарлайды ВВС

Ұлыбритания королі 35 жылдан соң алғаш рет АҚШ Конгресінде сөз сөйледі
Фото: x.com/@nypost

АҚШ Конгресінде сөйлегенде ІІІ Чарльз саяси зорлық-зомбылық туралы айыптап, демократиялық елдер арасындағы бірліктің маңыздылығын атап өтті.

— Біз терең белгісіздік кезеңінде, халықаралық қауымдастық үшін үлкен қиындық тудырып, салдары біздің елдеріміздің шекараларының бүкіл аумағындағы қоғамдарда сезіліп отырған Еуропадан Таяу Шығысқа дейінгі қақтығыстар кезеңінде кездесіп отырмыз, — деді ол. 

Король сондай-ақ әлем алдында тұрған қиындықтарды «кез келген ұлттың жалғыз өзі шешуге шамасы келмейтіндей тым үлкен» екенін қосып өтті. 

Монарх Ұлыбритания мен АҚШ арасында әсіресе қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырып, қорғаныс шығындарын арттыру жоспарларын жариялады.

Ол сондай-ақ қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, табиғи жүйелерді жаһандық өркендеу мен қауіпсіздіктің негізі деп атады.

ІІІ Чарльз АҚШ Конгресіндегі сөзін қорытындылай келе екі елдің тарихи одақтастығының құндылығын атап өтіп, ашықтық пен серіктестікті жалғастыруға шақырды. 

— 250 жыл бұрынғы келіспеушіліктен кейін біз адамзат тарихындағы ең маңызды одақтардың біріне айналған достық орнаттық. Біздің одақтастығымыз Еуропада, Достастық елдерінде және бүкіл әлемдегі серіктестерімізбен бірге ортақ құндылықтарымызды қорғауды жалғастыра беріп, біз одан әрі оқшаулану туралы үндеулерге қарсы тұруымыз үшін шын жүректен дұға етемін, — деп түйіндеді ол.

АҚШ-қа мемлекеттік сапарының екінші күнінде Ұлыбритания королі ІІІ Чарльз бен патшайым Камилла ресми қарсы алу рәсіміне Ақ үйге келді. 

АҚШ президенті Дональд Трамп құттықтау сөзінде II Елизаветаны еске алып, оны «ерекше әйел» деп атады және оның сапарларының бірінде отырғызған ағаштың екі ел арасындағы берік байланыстың белгісі ретінде символикалық маңызын атап өтті.

Трамп АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы тарихи жақындықты, ортақ құндылықтар және одақтас қарым-қатынастарын атап өтіп, олардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

— Біздің тамырымыз ортақ. Бір тілде сөйлейміз. Біз бір құндылықтарды бөлісеміз және сарбаздарымыз бірлесіп бір ұлы өркениетті бірдей — қызыл-ақ-көк тудың астында қорғады. Бостандық және бүкіл адамзаттың ортақ сыйына айналған мінсіздік дәстүрлеріне қасиетті қызметімізді жалғастыра отырып, одан да үлкен табандылықпен ілгерілейік, — деді Трамп.

Ақ үй басшысы сонымен қатар Шотландияда туған анасы патша ханзада болған кезде оған ғашық болғанын әзілдеп айтты. 

Сейсенбі күні кешке Ақ үйде патша жұбының құрметіне мемлекеттік кешкі ас өтті.

Осыған дейін ІІІ Чарльз АҚШ-қа 2007 жылдан бері алғаш рет мемлекеттік сапармен барғанын жаздық. Корольдік жұп АҚШ-та 30 сәуірге дейін болады. Сапар Нью-Йоркте түйінделеді. Онда корольдік жұп 11 қыркүйек трагедиясы құрбандарын еске алуға арналған іс-шараларға қатысады. 

Соңғы жаңалықтар