Ұлыбритания королі ұзақ мерзімнен кейін алғаш рет көпшілік алдына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – III Чарльз қатерлі ісік диагнозы қойылғаннан кейін алғаш рет көпшілік алдына шықты. Ұлыбритания королі жұбайы патшайым Камилламен бірге Виндзор сарайындағы Әулие Георгий капелласында жексенбі күні өткен Пасха мерекесіне қатысты.
Британдық БАҚ Ұлыбритания королі жиналған жұртшылықты күлімдеп қарсы алғанын атап өтті.
Сонымен қатар, жергілікті БАҚ оның бұл дәстүрлі шараға келуі тұрғындарды тыныштандыру әрекеті ретінде қарастырылғанын алға тартып отыр.
Биыл ақпан айында 75 жастағы британ королі III Чарльз денсаулығына алаңдағаны үшін жұртшылыққа алғыс айтқан болатын.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Ұлыбритания королі денсаулығына байланысты мемлекеттік қызметті уақытша атқармайтыны хабарланған еді.