Ұлыбритания Ливандағы азаматтарын эвакуациялау үшін чартерлік рейс ұйымдастырды
ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбритания үкіметі Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюіне байланысты Ливандағы азаматтарын эвакуациялау үшін чартерлік рейс ұйымдастырды. Рейс сәрсенбі күні Бейрут-Рафик Харири халықаралық әуежайынан ұшып кетеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Ламми Ливандағы жағдайды «тұрақсыз» деп сипаттап, оның жылдам ушығуы мүмкін екенін ескертті. Рейс бірінші кезекте қарттар мен әйелдерді эвакуациялау мүмкіндіктерін қарастырады және 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларды бортқа отырғызады.
Ливанда шамамен 5 000 Британ азаматы мен қос азаматтығы бар адамдар тұрады. Ұлыбритания үкіметі олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қосалқы жоспарды қарастырып жатыр.

Израиль Хезболлаға қарсы шабуылдар ұйымдастырып, солтүстік шекара бойындағы аумақтарды қоршап алды. Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, дүйсенбі күні Израильдің әуе соққыларынан кемінде 95 адам қаза тапқан.
Ламми Британ азаматтарын Ливаннан дереу кетуге шақырып, болашақта эвакуациялаудың мүмкіндігі болмауы ықтимал екендігін атап өтті.