Ұлыбритания Өзбекстанның ДСҰ-ға қосылуы үшін техникалық көмек көрсетеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ұлыбритания Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылу ниетіне қолдау білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты Dunyo ақпарат агенттігінің мәліметінше, президенттің ДСҰ мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Азизбек Урунов Ұлыбритания бизнес және сауда министрінің орынбасары Гарет Томаспен кездесті.
Оның барысында тараптар өзара ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар, Ұлыбритания Өзбекстанның ДСҰ-ға мүше болу ниетіне қолдау білдірді.
- Қос тарап келіссөзді аяқтауға мүдделі. Сондықтан бұл процесс ұзаққа созылмайды деп сенеміз, - деп пікір білдірді А.Урунов.
Кездесу қорытындысы бойынша ресми Лондон ДСҰ-ға қосылу жолында Ташкентке техникалық қолдау көрсетуге уәде етті.
Еске салайық, таяуда президент Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылу процесі аяқталуға жақын екенін мәлімдеп еді.
Бұған дейін ДСҰ-ға қосылу бойынша Өзбекстан АҚШ және Қытаймен арада өткен келіссөздерді қорытындылады.