ДСҰ-ға қосылу бойынша АҚШ пен Өзбекстан арасындағы келіссөз аяқталды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылуы бойынша Ташкент пен Вашингтон арасында жүргізілген екіжақты келіссөз аяқтады. Бұл туралы ДСҰ мәселелері жөніндегі президенттің арнайы өкілі Азизбек Урунов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
«14 айға созылған келіссөздер нәтижелі аяқталды. Президент Шавкат Мирзиёевтің, президент әкімшілігінің және ведомствоаралық комиссияның қолдауы мен саяси ерік-жігерінің арқасында бұл мәселе оңтайлы шешімін тапты», - деп атап өтті Азизбек Урунов.
Оның сөзінше, Өзбекстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толық мүшесі атанса, онда бұл елдің экономикалық өсімін жеделдетпек.
«Дүниежүзілік банктің бағалауына сай, Өзбекстан ДСҰ-ның толық мүшесі болса, бұл 5-7 жыл ішінде экономиканың 17%-ға өсуіне ықпал етпек», - деді Азизбек Урунов.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанның аталған ұйымға қосылуын 20 ел қолдады, тиісінше екіжақты хаттамаларға қол қойылды.