Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялар ауқымын кеңейтті

Лондон
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбритания Ресейге қарсы ауқымы кең санкциялар тізімін жариялады. Қара тізімге мұнай тасымалдайтын танкерлердің 1көлеңкелі флоты1 және Мәскеудің негізгі сақтандыру компаниясы да енді, деп хабарлайды Kazinform-ның Ұлыбританиядағы тілшісі.

Бұл шаралар Ресейге батыстық санкцияларды айналып өтуге көмектесетін жүздеген мұнай танкеріне және олардың соқтығысуы мен мұнайдың төгілуі сияқты тәуекелдерден сақтандыратын «Ингосстрах» компаниясына қарсы бағытталған, делінген Ұлыбритания үкіметінің мәлімдемесінде.

Тізімге өнеркәсіптің әр түрлі саласынан барлығы 50 заңды және жеке тұлға енген.

Бұл шектеулер БҰҰ-дағы кеме қатынасын бақылау органы теңізде жүк тасымалдайтын флоттың өсуіне байланысты алаңдаушылық білдіргеннен кейін енгізілді. Дегенмен санкциялардың қаншалықты тиімді болатыны әзірге белгісіз.

Бұған дейін кейбір ресейлік кемелер АҚШ санкцияларынан кейін сауда-саттықты әдеттегіше жүргізе алмай қиналған болатын. Иран мен Венесуэла сияқты санкцияға ұшыраған елдер мұнай экспортын жалғастыру үшін көлеңкелі кемелерді жылдар бойы пайдаланып келгені белгілі.

Сәрсенбіде жарияланған санкциялар АҚШ-тың осыған ұқсас әрекеттерінің жалғасы. Алдағы уақытта Еуропалық Одақ та осындай қадамға бармақ. ЕО 10 шақты кемеге қарсы санкция енгізуді ұсынып отыр. Ұлыбритания үкіметі бұл қадамдардың «Үлкен жетілікке» мүше елдермен келісілгенін айтты.

Мұнай экспортына қарсы шараларға қосымша ретінде сұйытылған табиғи газ секторына бағытталған шектеулер де енгізілді.

Сонымен қатар санкциялар Мәскеу қор биржасына, Ресей қарулы күштеріне, соның ішінде Қытайда, Израильде, Қырғызстанда және Түркияда орналасқан ұйымдарға, сондай-ақ Солтүстік Кореядан Ресейге әскери тауарларды тасымалдайтын кемелерге қарсы бағытталған.

Соңғы жаңалықтар