Ұлыбритания СІМ басшысы Иордания мен Египетке барады

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Газа секторында «атысты тұрақты тоқтатуға» қол жеткізу мақсатында Иордания мен Египетке барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Кэмерон
Фото: daryo.uz

Иордания мен Египет көшбасшыларымен келіссөзде британиялық СІМ басшысы тұтқындарды босату, Газа секторына көмек көлемін арттыру, гуманитарлық үзілісті жалғастыруға жағдай жасау, зымырандармен шабуылды және ХАМАС-тың Израильге қоқан-лоққысын тоқтату мәселелерін талқылайды.

Кэмерон Ұлыбританияның Хамас Газа секторының билік басында қалатын болса, израильдіктер мен палестиналықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған дағдарыстың ұзақмерзімді саяси шешіміне қол жеткізуге кедергі келтіреді деген көзқарасты растамақ.

- Көмекке келер болсақ, мен Израильдің Газа секторына көп мөлшерде көмек пен отын жеткізу үшін Керем-Шалом бақылау-өткізу пунктін ашу туралы шешімін негізге аламын, - деп келтірілген Кэмеронның сөзі Ұлыбритания СІМ таратқан коммюникеде.

- Егер Израиль әлі де Газа секторында зымырандармен шабуылға және ХАМАС-тың лаңкестік айласына тап болып жатса, атысты тоқтату былай тұрсын, екі мемлекет туралы бір шешімге келу де мүмкін болмайды, - деп толықтырды жоғары шенді британиялық дипломат.

Дэвид Кэмерон Ұлыбританияның гуманитарлық көмегі анклавқа жеткеніне көз жеткізу үшін Египет пен Газа секторы шекарасына жақын орналасқан әл-Ариш қаласына барады.

Ұлыбритания көзқарасы бойынша, Израильге төнген қауіпті тоқтатқанда, яғни ХАМАС жойылғанда ғана атысты толық тоқтатуы мүмкін.

- Таяу Шығыстағы дипломатиямыздың мақсаты бүгінгі соғысты тоқтату ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын бейбітшілік болуы керек. Егер ХАМАС-ты Газа секторы билігінде қалдырар болсақ бұл жағдай екі ел арасындағы мәселені шешуге үнемі кедергі келтіреді, - деп жазды Дэвид Кэмерон өткен аптада өзінің Х желісіндегі шағын блогында.