Ұлыбритания темекі сатып алуға біртіндеп тыйым салады

темекі
Фото: Pixabay

Британ үкіметі шылымқорлықпен білек сыбана күреспек. Қазір елде темекі тек 18 жастан асқандарға ғана сатылады. Болашақта бұл жас жыл сайын жоғарылай бермек. Нәтижесінде біршама уақыт өткен соң шылым атаулы ешкімге сатылмайды, дейді Kazinform тілшісі.

Ұлыбритания үкіметінің мәліметі бойынша, 5 шылымқордың 4-еуі бірінші рет 20 жасында темекі шеге бастайды екен. Олардың никотинге тәуелділігі өмірінің соңына дейін жалғасады.

Шылымқорлықтың салдарынан Тұманды Альбионда жыл сайын шамамен 64 мың адам қайтыс болады.

Темекі шегемін деп ауру тілеп алатын 75 мыңдай азамат ай сайын дәрігерге қаралады.

Зиян әдеттің ел экономикасына тигізер зардабы да орасан: жұмыссыздық, мерзімінен бұрын қайтыс болу және Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне салмақ түсірудің нәтижесінде жыл сайын 17 млрд стерлинг фунт көлемінде шығын келеді.

«Мен болашақта темекі шегу жасын жыл сайын бір жылға көтеруді ұсынамын. Бұл бүгінгі он төрт жасар жасөспірімге болашақта ешқашан заңды түрде темекі сатылмайды деген сөз. Олар және олардың ұрпақтары темекі шекпей өседі», — дейді Ұлыбритания Премьер-министрі Риши Сунак.

Үкімет жаңа заң жобасының шылым шегушілерді қылмыскерлермен теңестірмейтінін атап өтті. Қазір темекі сатып алып жүрген кез-келген адамның болашақта да құқығы шектелмейді деді биліктегілер.

Бұдан бөлек электронды темекінің балаларға сатылмауы да қатаң қадағаланбақ. Өйткені әрбір бесінші баланың вейптің дәмін көргені белгілі болып отыр.

«Әрдайым бала күтуші мемлекет кебін кию — консерваторлардың мақсаты емес. Бәрі де керісінше. Бұл қоғам игілігі үшін жасалып отыр деп айтатындай жағдай шығар. Зиян әдетін қоя алмай жүрген қазіргі шылымқорлардан бастап бұл бастаманы қолдайды деп ойлаймын», — дейді саясаткер Дженнифер Джонсон.

Жаңа саясаттың нәтижесінде жастар 2040-шы жылға қарай толығымен темекіден бас тартпақ.

Бірақ Ұлыбританияда темекі бизнесін дөңгелетіп жүрген ірі компаниялардың кірістен айырылатыны анық. Өскелең ұрпақты бұл зиянды әдеттен ада ету бастамасын халық та қолдап жатыр.

«Меніңше, осы тектес кейбір мәселелер бойынша бақылауды күшейту керек-ақ. Шылым шегудің ешқандай да пайдасы жоқ. Сондықтан мен тыйым салуды толығымен қолдаймын», — дейді көше жүргіншісі.

«Жас ерекшелігіне байланысты шектеу қойып, балаларды қадағалау дұрыс. Менің 14 жасар ұлым бар. Оның темекі сатып алғанын қаламас едім», — дейді тағы бір британиялық.

Осыған ұқсас заң жобасын 2022 жылдың желтоқсанында Жаңа Зеландия Парламенті мақұлдады.

Ол елде 2009 жылдан кейін туған адамдарға темекі сатылмайды. Дания мемлекеті де осы бағытта әрекет етуді жоспарлап отыр. 

Соңғы жаңалықтар