Ұлыбританияда әуе қозғалысын басқару жүйесіндегі ақаудан 2 мың рейс тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияда әуе қозғалысын басқару жүйесінің бірнеше сағатқа істен шығуына байланысты 2 мыңға жуық рейс тоқтатылды, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

ұшақ
Фото: freepik

Әуе қозғалысын басқару жүйесінің операторы NATS жүйесіндегі техникалық ақау жаппай кешігулер мен рейстердің тоқтатылуына себеп болған. Салдарынан жүздеген мың жолаушы сапар барысында қиындыққа тап болды.

Жүйе қалпына келтірілгеннен кейін ірі әуежайларда рейстер қайта орындала бастады. Алайда ақаудың салдары сәрсенбі, 9 қыркүйекте де сақталды. Ұшақтар мен экипаждардың тиісті әуежайларда болмауы рейстер кестесіне әсерін жалғастырды.

Ұлыбритания үкіметі NATS компаниясына оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеу жүргізуге бір апта уақыт берді. Сонымен қатар билік авиация саласындағы реттеуші органға тәуелсіз тексеру жүргізуді тапсырды.

Reuters мәліметінше, жүйедегі ақау әуе компанияларына миллиондаған фунт стерлинг шығын келтірген.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы – Лондон бағыты бойынша ұшқан рейстің Франкфуртке бағытталғаны хабарланған.