Ұлыбританияда дәрігерлер ел тарихындағы ең ұзақ наразылық шарасын ұйымдастырды
Ұлыбританияда кіші санаттағы дәрігерлер ел тарихындағы ең ұзақ наразылық шарасын ұйымдастырды. Бірнеше күн бойы олар науқастарға ем-дом көрсетудің орнына көшеге шығып, жалақыларын көбейтуді талап етіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Алдымен кіші санаттағы дәрігерлері үш күн бойы кәсіби міндетін орындаудың орнына қолдарына транспаранттар ұстап, наразылықтарын білдірді. Ақ халаттылар жалақыларын 35 пайызға өсіруді және еңбек шарттарын жақсартуды талап етуде.
«Штаттағы дәрігелер саны шектеулі. Медбикелер өте аз. Біз шаршадық. Ешқандай қолдау көрмейміз, біліктілігімізді шыңдап жатқан жоқпыз», - дейді кіші санаттағы дәрігер Лиззи Гринфилд.
Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің тең жартысы кіші санаттағы дәрігерлер. Яғни, 10 жылға дейін еңбек өтілі бар жас мамандар мен медициналық жоғары оқу орнын жақында тәмамдаған түлектер. Жалпы саны 70 мыңға жуықтайды. Олардың үштен екісі кәсіподақ ұйымының мүшелері. Британ медициналық қауымдастығы үкіметпен бір мәмілеге келе алмай отыр.
«Кіші санаттағы дәрігерлер мен кәсіподақ ұйымының келіссөздер үстеліне қайта отырғанын қалар едім. Ауруханалардың жұмысы жанданса игі», - дейді Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Виктория Аткинс.
Дәл осындай ереуілдер бүкіл Англия бойынша ұйымдастырылды. Жаңа жылдан кейін наразылар тағы 6 күн жұмысқа шықпаймыз деп отыр. Бұл – Ұлттық денсаулық сақтау қызметі тарихындағы ең ұзақ ереуіл. Нәтижесінде 1 миллионнан астам адамға медициналық көмек көрсетілмейтін түрі бар.