Ұлыбританияда екі пойыз соқтығысып, бір адам көз жұмды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда екі жолаушылар пойызының соқтығысуы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алды. Бұл туралы елдің көлік полициясы хабарлады, деп жазады БелТА.

Ұлыбританияда екі пойыз соқтығысып, бір адам көз жұмды
Фото: Әлеуметтік желілерден

— Бізге бірнеше адамның зардап шеккені және бір адамның көз жұмғаны белгілі, — делінген полиция мәлімдемесінде.

Бұған дейін The Times газеті оқиға куәгеріне сілтеме жасап, зардап шеккендер саны 50-ден 100 адамға дейін жетуі мүмкін екенін хабарлаған.

Оқиға жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 17:15–те болған. The Daily Telegraph басылымының мәліметінше, екі пойыз да Лондондағы Сент-Панкрас вокзалына бағыт алған. Олардың бірі Ноттингем, екіншісі Корби қаласынан шыққан.

Алдын ала мәлімет бойынша, бірінші пойыз қауіпсіздік жүйесінің ақауына байланысты тоқтаған. Бұл жүйе қызыл сигналдан өтіп кеткен жағдайда пойызды автоматты түрде тежейді. Осыдан кейін екінші пойыз алдыңғы құрамның соңғы вагонына соғылған.

Апат Бедфорд қаласындағы вокзалдан шамамен 4 шақырым оңтүстікке қарай жерде болған. Оқиғаға байланысты аталған аумақта пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Еске салайық, Ұлыбританияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты.