Ұлыбританияда экстремизм қаупі күшейді
ЛОНДОН. KAZINFORM - Британ демократиясы экстремистердің соққысына жығылды. Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак ұлтқа үндеу жариялап, осылай деді. Таяу Шығыстағы жағдайдан кейін елде наразылыққа шығатындар көбейіп, еврейлер мен мұсылмандар көшеде еркін жүруден қалған. Оппозиция өкілдері болса, осындайға өздері жеткізді деп консерваторларды кінәлап отыр, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Даунинг-стрит алдында сөз сөйлеген премьер-министр Риши Сунак Ұлыбританияның саяси өміріндегі соңғы оқиғаларға алаңдаушылығын білдірді. Ол Таяу Шығыстағы оқиғаларды өз пайдасына жаратқысы келетіндерді Британ демократиясына төнген қауіп деп айыптады.
«Біз экстремизммен байланысы бар тәртіпсіздіктер мен қылмыстың көбейгенін көріп жүрміз. Наразылық ретінде басталған қарсылық шаралары қорқыту мен қоқан-лоққыға ұласты. Еврей балалары ұлттық ерекшеліктерін көрсетпеу үшін көшеге дәстүрлі киімдерін киіп шығуға қорқады. Ал мұсылман әйелдер өздеріне қатысы жоқ террористік топтардың әрекеттері үшін еркін жүруден қалды», - деді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.
Қосымша сайлауда жеңіске жетіп, парламентке өткен атышулы саясаткер Джордж Галлоуэй Сунакты састырса керек. Ол 90-жылдардың басында Парсы шығанағындағы алғашқы соғыс кезінде Иракқа қарсы санкцияларды алып тастауды талап етіп, Саддам Хусейнге зор ілтипатын білдірген саясаткер. Лейбористер қатарынан қуылғаннан кейін Галлоуэй Британ еңбекшілерінің партиясын құрды. Қазір ол Израильге қарсы сын айтып, палестиналықтарды қолдап жүр және Ресейді жақтап келеді.
«Лейбористердің көшбасшысы Кир Стармер, сіздер Газа үшін әлі жауап бересіздер! Газа секторындағы жерді басып алып, Палестинада болып жатқан оқиғалардың орын алуына, жымысқы әрекеттеріңізді жасыруға тырысқандарыңыз үшін жауапқа тартыласыздар!», - деді Ұлыбритания парламентінің мүшесі Джордж Гэллоуэй.
Айта кетерлігі, Сунак өз баяндамасында Ұлыбританияға төнген қауіп ретінде әсіре солшыларды да, исламшылдарды айыптады. Ол осылайша әңгімесінің тігісін жатқызып, ешкімді ренжітіп алмауға тырысса керек. Бірақ нақты мысалдар келтіруге келгенде тек Палестинаны қолдаушылардың наразылық шараларын нысанаға алды.
«Біз жастардың ақыл-ойының экстремизммен уланбауына күш саламыз. Сондай-ақ құндылықтарымызға қол сұққысы келетіндердің босағамызды аттамауын қадағалаймыз. Ішкі істер министрлігі өзгелерге өшіге қарайтын қонақтарды елде жүру құқығынан айыратын болады», - деді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.
Оппозициялық Лейбористер партиясының өкілі, Лондон мэрі Садик Ханның премьер-министрге айтар назы бар. Риши Сунак қарсыластарын алауыздық тудырды деп сынағанымен, исламофобиялық пікір білдірген серіктесін айыптай алмай отыр-мыс. Консервативті партия төрағасының бұрынғы орынбасары Ли Андерсон исламшылдар мэрді және Лондон астанасын «бақылауға алды» деп мәлімдеген болатын. Сол сөзі үшін ол депутаттық қызметтен де босатылды, бірақ кешірім сұрамады.
«Кейбіреулер сайлау алдында саяси ұпай жинау үшін келісілген түрде әлсіздерді қорлауға дайын. Антисемитизм мен исламофобия қарқын алып, дамуымызға кедергісін келтіруде. Қазір қорқыныштарымызды емес, ең жақсы құндылықтарымызды көрсететін уақыт», - деді Лондон мэрі Садик Хан.
Риши Сунактың үндеуінен кейін ертесіне-ақ бүкіл Британия бойынша наразылық шаралары өтті. Көшеге шыққан халық премьер-министрді бейбіт митинг ұйымдастыру құқығымыздан айырғысы келеді деп айыптады. Наразылар бұған дейін де апта сайын митинг өткізіп, Газадағы атыс-шабысты тоқтатуға шақырып жүр.
«Менің ойымша, экстремизмге қарсы көпірме сөздің көп бөлігі адамдарды бір-бірімен араздастырғысы келетін кейбір саясаткерлердің тірлігі. Шындығында біз бейбітшілікті жақтайтын адамдармыз», - дейді наразылық шарасына қатысушы.
«Антисемитизм – исламофобия сияқты үлкен проблема. Меніңше, кез келген нәсілшілдік туралы әңгіме халықты бір-біріне қарсы қояды», - деді тағы бір Палестинаны қолдап, көшеге шыққан Лондон тұрғыны.
Скептиктер Сунактың сөзіне екіжүзділік өнерінің жаңа түрі деп айдар тақты. Өйткені дәл сол экстремизмді партияластары үнемі басшылыққа алып отырады және ол туралы саясаткердің білмеуі мүмкін емес. Мәселен, бұрынғы Ішкі істер министрі Суэлла Браверман өзінің жауапсыз мәлімдемелері арқылы қоғамды екіге бөлуге күш салды. Сарапшылар, сондай-ақ, «саясаткер қолын мезгілінен кеш сермеді» деп сынады.
«Сунактың сөзі сүйсінтті, бірақ төрт ай кешігіп айтылғаны қынжылтады. Еврей қауымдастығы өшпенділікке негізделген қылмыстың неше түрін бастан кешіруде. Сондай-ақ мұсылмандарға қарсы шабуылдардың да қатары көбейіп жатыр. Бір амалын істеу керек», - дейді «Лейбористер антисемитизмге қарсы» ұйымының директоры Алекс Хирн.
Сунак өзін Британ демократиясының қорғаушысы етіп көрсеткісі бар. Бірақ қайта-қайта алмасқан Тори үкіметі дәл сол демократияға қастандық жасап жүр және үкімет басшысы оны мойындағысы келмейді, дейді сарапшылар. Олардың пікірінше, консерваторлар сайлауда дауыс беру процесін күрделендіріп жіберген. Наразылық акцияларын қылмыспен теңестіріп отыр, сот билігін шектеп тастаған.