Ұлыбританияда электр энергиясы мен коммуналдық қызметтердің тарифтері өседі
АСТАНА. KAZINFORM – Сәуір айынан бастап миллиондаған британдық отбасылардың жылдық электр энергиясы төлемі 2334 АҚШ долларына дейін өседі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Британдық энергетикалық реттеуші Ofgem шешіміне сәйкес, 1 сәуірден бастап электр энергиясы үшін төленетін шекті төлемдер 6,4%-ға өседі. Бұл қымбаттау негізінен энергия тасымалдаушылардың көтерме бағасының артуымен байланысты.
Орташа есеппен жылдық төлем 111 фунтқа ($140) өсіп, ай сайын 9,25 фунтқа ($11,7) қымбаттайды. Осылайша, жылдық төлем 1849 фунтқа ($2334) жетіп, өткен жылғы 1690 фунттан ($2134) 9,4%-ға жоғары болады.
Көп энергия тұтынатын отбасылар одан да көп төлейтін болады, себебі белгіленген лимит жалпы төлем сомасын емес, газ бен электр энергиясының бірлік құнының шекті мөлшерін реттейді.
Жаңа тарифтер үш айға, яғни шілдеге дейін күшінде болады, содан кейін қайта қаралады. Баға өсімі шамамен 22 миллион отбасыға әсер етеді, олар өзгермелі тарифтерді пайдаланады. Ал шамамен 11 миллион тұтынушы үшін бекітілген тарифтер өзгеріссіз қалады.
Сәуір айындағы тарифтердің қымбаттауы қатарынан үшінші рет болмақ. Соңғы рет Ofgem қаңтар айында шекті бағаны 1,2%-ға өсіріп, оны 1738 фунтқа ($2194) жеткізген болатын.
Электр қуатынан бөлек, басқа да коммуналдық қызметтердің бағасы өседі. Сәуірден бастап су қызметтері жылына орта есеппен 100 фунттан астамға қымбаттайды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің шығындары да артады – ұлттық сақтандыру жарнасы 13,8%-дан 15%-ға дейін көтеріледі.
Алайда ең төменгі жалақы 6,7%-ға өсіп, сағатына 12,21 фунтқа ($15,4) жетеді. Бұл 40 сағаттық жұмыс аптасында жұмысшының апталық табысы 488 фунтты ($616) құрайды деген сөз.
Бұған дейін хабарланғандай, Британиядағы байлықтың теңсіз бөлінуі туындатқан әлеуметтік-экономикалық теңсіздік «Мемлекеттік саясатты зерттеу институты» (IPPR) жүргізген зерттеуге арқау болды.
Еске салсақ Ұлыбритания жасанды интеллект саласында супердержава мәртебесін алуды мақсат етіп отыр.