Ұлыбританияда қазақ тілін үйренгісі келетін студенттердің саны артып келеді
Ұлыбританияда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Вольфсон колледжі студенттерге қазақ тілін үйрету туралы арнайы келісімге қол қойды. Бұдан бөлек тараптар әлемге әйгілі жоғары оқу орнының студенттерін біздің елге тағылымдаға жіберуге уағдаласты, деп хабарлайды Kazinform-ның сол елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.
Оксфорд университетінде бірнеше шетел тілінің арнайы оқу орталығы бар. Әсіресе студенттердің түркітілдес мемлекеттердің бай мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылығы ерекше. Алдағы уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастар ұлы Абай тілін үйрене бастайды.

“Оксфорд университетінде біз дәстүрлі түрде ешқашан қазақ тілін оқытпаған едік. Қазақстан туралы көбірек білгісі және үйренгісі келетін студенттердің саны артып келеді. Сондықтан Вольфсон колледжі бүгін қазақстандық Ғылым және жоғары білім министрлігімен меморандумға қол қойды. Сонымен қатар білім қуған қазақ ғалымдарын Оксфорд университетіне тарту мәселесі де қарастырылып жатыр”, дейді Wolfson колледжінің президенті Тим Хитченс.
Еліміздің стратегиялық жағдайы, Еуразияның орталығында орын алуы Оксфорд ғалымдарының қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырған. Әлемнің қозғаушы күші Азияға қарай жылжыған заманда сол құрлықтың жүрегінде орналасқан Қазақстанмен байланысты нығайту маңызды дейді олар. Жоба Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен бірлесіп жүргізіледі.

“Оксфорд университін тәмамдаған студенттер Қазақстанға барып, институтта сабақтарға қатысып үлгерді. Енді біз осында оқытатын оқу бағдарламасын құру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Азия және Таяу Шығысты зерттеу факультеті бұл мүмкіндікке дән риза. Өйткені Оксфорд қазақ тілін үйрететін Ұлыбританиядағы бірінші және жалғыз оқу орны болғалы тұр”, дейді Оксфорд университеті жанындағы “Бір сөз” бастамасының директоры Лейла Наджафзада.
Тілдік курстарды қаржыландыру университеттің түріктілдес тілдерге арналған арнайы бағдарламасы есебінен жүргізіледі. Қанатқақты жобаның ауқымы кеңейген кезде демеушілер тарапынан қосымша қаржы көздері қарастырылмақ. Келісімге қол қою кезінде министрлік және университет өкілдері өзара тәжірибе алмасу мәселелерін де қозғады.

“Оксфорд университетінің зерттеушілері мен PhD, магистратура оқушылары енді Қазақстанға тағылымдаға келуге дайын. Әл-Фараби атындағы және Абай атындағы ұлттық университеттерінің, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тілтану университеттердің негізінде ғылыми, тілдік тағылымдамалар жүзеге асырылатын болады”, дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Тіл курстары жоғары деңгейде өтуі үшін тыңғылықты дайындық қажет. Білім сапасына ерекше мән беретін Оксфорд университеті қазақ тілін үйренгісі келетін алғашқы студенттерін қабылдауды келесі академиялық оқу жылында бастамақ.