Ұлыбританияда ми ісігін анықтау мерзімі екі айдан екі сағатқа дейін қысқармақ

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) ми ісігінің түрін дәл анықтауға кететін уақытты екі айдан екі сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа технологияны пилоттық режимде енгізе бастады, деп хабарлайды BBC.

Заболеваемость онкологией и сахарным диабетом растет в Мангистау
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ұлыбританияда жыл сайын мидың бастапқы ісігінің 12 мыңнан астам жағдайы анықталады. Ми ісіктерінің шамамен 150 түрі бар. Олардың арасында баяу өсетін ісіктер де, қатерлі әрі агрессивті түрлері де кездеседі. Әрқайсысының емге реакциясы әртүрлі болуы мүмкін.

Бұған дейін ісіктің нақты түрін молекулалық және генетикалық талдау арқылы анықтауға алты-сегіз аптаға дейін уақыт кететін. Жаңа әдіс дәрігерлерге нәтижені науқасқа операция жасалып жатқан кезде алуға мүмкіндік береді.

Жаңа технология алғаш қолданылған пациенттердің бірі – Ноттингемде тұратын 55 жастағы Стив Палмер. Ол спорт залында есінен танып қалғаннан кейін дәрігерлер миынан ісік анықтаған. Операция кезінде жүргізілген жедел талдау оның төртінші дәрежелі глиобластома екенін көрсеткен.

– Осындай жылдам диагноздың арқасында бірнеше апта бойы алаңдап күтуден құтылдым. Әрине, бұл мен естігім келген жаңалық емес. Бірақ нақты диагноз қойылған соң емдеу мен оңалтудың келесі кезеңіне өтіп, аурумен күресті жалғастыра аламын, – деді Стив Палмер.

Операцияны басқарған Ноттингемдегі «Куинс» медициналық орталығының нейрохирургі Стюарт Смит жаңа әдісті «сиқырға ұқсайтын» технология деп сипаттады.

Оның айтуынша, ісіктің түрін пациент операция үстелінде жатқан кезде анықтау хирургтердің әрі қарайғы әрекетіне тікелей әсер етуі мүмкін. Емдеуге келетін кейбір ісіктерді барынша толық алып тастау қажет. Ал тым агрессивті және хирургиялық жолмен толық алып тастау мүмкін емес ісік түрлерінде миға зақым келтіру қаупін азайту үшін дәрігерлер сақтықпен әрекет етеді.

Жаңа тест үшін ісіктен алынған тіннің шағын үлгілері патологиялық зертханаға жіберіледі. Одан кейін олар Oxford Nanopore компаниясының секвенирлеу құрылғысына салынады. Онда Ноттингем университеті аурухана дәрігерлерімен бірлесіп әзірлеген арнайы бағдарламалық жасақтама пайдаланылады.

Аяқкиім қорабының көлеміндей құрылғыда ДНҚ молекулалары нанопора – өте кішкентай саңылау арқылы өткізіледі. Соның нәтижесінде ісіктің бірегей геномдық бейінін анықтауға болады.

Стив Палмерге жасалған операция кезінде құрылғы 20 минут жұмыс істегеннен кейін невропатологтар операция бөлмесіне хабарласып, ісіктің глиобластома болуы ықтимал екенін айтқан.

Ноттингем университеттік ауруханалар жүйесінің невропатологі Саймон Пейн бұл геномдық тестті микроскоп арқылы жүргізілетін дәстүрлі зерттеумен салыстырғанда үлкен жетістік деп бағалады.

– Күн сайын мен белгілі бір деңгейде болжам жасауға мәжбүрмін және кей күндері оны жақсы жасай аламын. Бірақ бұл ісіктің толық молекулалық жіктемесін беретін нанопоралық анализатордың дәлдігімен салыстыруға келмейді, – деді ол.

Ұлыбритания Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің медициналық директоры, профессор Фрэнки Свордстың айтуынша, ми ісігіне күдік туындаған адамдар үшін дұрыс диагнозды жылдам қою аса маңызды.

Ол жылдам диагностиканың арқасында пациенттер қажетті емді ертерек бастай алатынын немесе клиникалық сынақтарға қатысу мүмкіндігіне ие болатынын атап өтті. Кейбір жағдайда хирургтер операция кезінде өмірлік маңызы бар шешімдерді бірден қабылдай алады.

Фрэнки Свордс BBC Breakfast бағдарламасында пилоттық жобаны «әлемдік премьера» деп атап, мұндай технологияны бірнеше ауруханада бір уақытта енгізіп жатқан өзге денсаулық сақтау жүйесі жоқ екенін айтты.

Пилоттық жоба бұған дейін Ноттингем мен Бирмингемде қолданылып келген әзірлемелерге негізделген. Енді оған Англияның ірі қалаларындағы тағы бес мамандандырылған орталық қосылады.

Айта кетейік, Аустралия балалардың қатерлі ісігіне қарсы вакцинаны сынақтан өткізетін алғашқы ел болмақ.