Ұлыбританияда өлгеннен кейін ағзасын алуға рұқсат беретін заңның арқасында мыңдаған жан аман қалды

Ұлыбританияда жыл сайын 700-ден астам адам транспантологиялық операцияның арқасында аман қалады. Себебі бұл елде міндетті ағза донорлығы туралы заң бар. Құжатқа сәйкес азаматтар тірі кезінде өзі тыйым салмаса, қайтыс болған жағдайда ағзалары автоматты түрде мұқтаж науқастарға беріледі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

донор
Фото: Pixabay

Донордың бірі Кира Болл 9 жасында көлік апатынан қайтыс болған. Ата-анасы қайғы жұтып қиналса да, қызының ағзасының мүшелерін мұқтаж науқас жандарға беруге келіскен.

«Кираны жоғалтып алғанымыз өте өкінішті. Оны аман алып қалу мүмкін болмады. Бірақ қызым 4 адамға өмір сыйлады. Осы көңілге медеу, жанға жұбаныш», — дейді Кираның анасы Лоанна Болл.

Кираның арқасында ажалдан аман қалғандардың бірі — 9 жасар Макс Джонсон.

Вирустық инфекциядан кейін жүрек талмасына душар болған оған Кираның жұдырықтай жүрегі салынды. Ата ананың үзілген үміті жалғанды.

«Донорға деген алғысымыз шексіз. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ата-анасы өте қиын кезеңде басқалардың өмірі туралы ойлады. Бұл ерлік. Біздің баламыз қайта өмірмен қауышты», — дейді Макстың анасы Эмма Джонс.

Бұл оқиға Міндетті ағза донорлығы туралы жаңа заңның қабылдануына түрткі болды.

Премьер-министр бастама көтеріп, маңызды құжатқа қол қойылды. Және оны «Макс пен Кира заңы» деп атады.

Содан бері кенет қайтыс болған адамның ағза мүшелері туысқандарының рұқсатынсыз мұқтаждарға беріліп жүр. Егер марқұм көзі тірі кезінде қарсы болып, бас тартпаса болғаны.

«Қазір жағдай мүлдем басқаша. Халық арасында жаңа мәдениет қалыптасты. Бүкіл ұлттың ағза донорлығына деген көзқарасы өзгерді және донор болуды абырой санайтындар көп», — дейді Ұлыбритания Ұлттық денсаулық сақтау қызметі трансплантологияны дамыту бөлімінің жетекшісі Клэр Виллимент.

Статистикаға сәйкес өткен жылы 4,5 мыңға жуық науқас тірі немесе қайтыс болған донордың ағзасын пайдаланып, аман қалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда бес пайызға көп.

Дейтұрғанмен, трансплантацияны сарыла күтіп жүрген 7000-нан астам науқас бар.