Ұлыбританияда өткен қой шаруашылығы көрмесіне отандық фермерлер қатысты

қой
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

ЛОНДОН. KAZINFORM — Ұлыбританияда халықаралық қой шаруашылығы көрмесі өтіп, оған қазақстандық фермерлер де қатысты. Отандастарымыз озық технологиялармен танысып қана қоймай, білімін жетілдіруге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Екі жылда бір рет өткізілетін қой шаруашылығы көрмесі Англияның Малверн қаласында өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық компаниялар қатысты. Қой бағуды кәсіп қылған қазақстандықтар да саланың соңғы жаңалықтармен танысып, тәжірибе жинады.

Өмірсерік Әбиев – Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкері. 10 жылға жуық уақыттан бері қой шаруашылығымен айналысады. Жеке серіктестігінде жеті мыңнан астам қойы бар. 

қой
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

«Ұлыбританияда жайылымдық жерлер аз, шаруалар сапаға жұмыс істейді. Әсіресе, инновациялық технологиялары дамыған, үйренеріміз көп екен. Осы технологияны біз Қазақстанда дамытсақ қойдың санын өсіре аламыз. Өйткені жеріміз кең-байтақ, өте құнарлы. Қазір Қазақстанда 24 млн ғана қой бар. Оның санын 10 есеге дейін өсіруге болады», - дейді Өмірсерік Әбиев.

Мал басын көбейту үшін қойдың генетикасын дұрыстамай молшылық жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ет сапасын арттыру маңызды дейді селекциялық-асыл тұқымдық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген отандық ғалымдар. 

қой
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

«Ұлыбританияның генетика жағынан керемет тұқымдары бар. Оларды Қазақстанға әкеліп жатырмыз. Біріншіден, біздегі еттің сапасын көтеру үшін. Ағылшындар қойларды өте жақсы көреді. Өзінің баласы секілді асырайды, өсіреді. Олардың психологиясы басқа. Содан бізге үйрену керек», - дейді Қ.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы Жанат Қасенов. 

қой
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

Британиялық шопандар қой шаруашылығымен ежелгі Рим империясынан бері айналысып келеді. Елде 30 миллионға жуық қой мен қозы бар. Индустрия жыл сайын экономикаға шамамен 290 миллион стерлинг фунтын әкеледі. Фермаларында және оған қатысы бар салаларда 150 000-дай адам жұмыс істейді.

«Біздің Қазақстанмен байланыс орнатқанымызға біраз уақыт болды. Қой генетикасына деген қызығушылықтарыңыз жоғары екенін білемін. Біз барынша көмектесуге ниеттіміз. Асылтұқымды қойдың ұрығын сатып қана қоймай, одан әрі қосымша ақпаратпен қамтамасыз еткіміз келеді», - дейді Ұлыбритания Ұлттық қой шаруашылығы қауымдастығының басшысы Фил Стокер. 

қой
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

Қазақстан да асылтұқымды қойларға кенде емес. Еділбай, етті меринос, қазақтың биязы жүнді қойы сияқты тұқымдардың 3 милионнан астамы өсіріледі. Үкімет мал тұқымын асылдандыру бойынша 5 түрлі субсидиялау тетігін қарастырды. Шаруашылық санын ұлғайтып, экспорттық нарықтар ашу үшін 2026 жылға дейінгі жол картасын қабылдады. Межеге жету мақсатында шетелдік тәжірибенің де берері көп. 

қой
Фото: Ғалымжан Қараманұлы\Kazinform

«Мамандандырылған қой шаруашылығы көрмесіне қазақстандық фермерлердің келуі өте маңызды. Біз Британ бизнесмендерімен бірқатар келіссөздер өткізіп, іскерлік байланыстар орнатпақшымыз. Бұл сапар алдағы уақытта жаңа жобаларға жетелейтін нәтижелер береді деген зор үміттемін» - деді Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің бөлім жетекшісі Ерлан Зейнешев.

Елшілік алдағы қыркүйек айында ынтымақтастықты нығайту үшін екі мемлекеттің бұдан да көп кәсіпкерлерінің басын қосып, тағы бір шара ұйымдастырмақшы. Қой шаруашылығы бойынша оқу семинары өткізіліп, Тұманды Альбионға келе алмаған сала мамандары онлайн қосылуға мүмкіндік алады.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum