Ұлыбританияда сот қызметкерлері жалақының аздығына байланысты ереуілге шықпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританиядағы отбасылық істер жөніндегі соттар мен пробация қызметінің қызметкерлері жалақының төмендігі мен еңбек жағдайына наразылық білдіріп, ереуіл өткізеді. Бұл туралы БелТА агенттігі хабарлады.

Ұлыбританияда сот қызметкерлері жалақының аздығына байланысты ереуілге шықпақ
Фото: АР

— Кәсіподақ мүшелерінің басым көпшілігі жалақыны көтеруді және жұмыс жүктемесін азайтуды талап етіп, ереуіл өткізуге дауыс берді, — делінген ұйымның мәлімдемесінде.

Ереуілдің нақты өтетін күні кейінірек жарияланады. Сот жүйесінің қызметкерлері жалақыны небәрі 5 пайызға көтеру туралы ұсынысқа және жұмыс берушінің еңбек жүктемесін азайту мәселесін талқылаудан бас тартқанына наразы.

Кәсіподақтың мәліметінше, оның мүшелерінің жалақысы 2010 жылдан бері нақты мәнінде өспеген. Қазіргі еңбекақы мөлшері ең төменгі жалақы деңгейінен сәл ғана жоғары.

Пробация қызметінің қызметкерлері де үкіметтің сотталғандарды мерзімінен бұрын босату бағдарламасына байланысты жұмыс жүктемесінің артуына наразылық білдіріп отыр. Бұл бағдарлама түрмелердегі адам санын азайту мақсатында іске қосылған.

Бұған дейін Испанияда бір тәулікке жалғасатын жалпыхалықтық ереуіл өтетіні туралы жазған болатынбыз.