Ұлыбританиядағы қазақтар Лондонда бас қосты
Ұлыбританиядағы Қазақ диаспорасына – 50 жыл. Қым-қуыт заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, Алтай өңірлерінен Түркияға, ал одан кейін Ұлыбританияға көшіп кеткен қандастарымыз Лондонда бас қосып, мерейлі мерекені атап өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Әбдісәлім Саваш – Ұлыбритания қазағы. Қандастарымыздың басын біріктіретін қауымдастыққа төрағалық етеді. Ата-анасы нәубетті заманда Алтайдан Түркияға көшіп кеткен. Ал өзі 25 жасында Түркиядағы экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты Ұлыбританияға жұмыс іздеп келген.

«Баста біз осы жерде қаламыз деп ойламадық. Ақша тауып, Түркияға әке-шешеміздің жанына қаламыз дегенбіз. Одан кейін бұл жерде балаларымыз дүниеге келді. Олар өсті. Осы жердің мектебіне барды. Балаларымызға той жасадық. Немерелі болдық. Енді байқасақ, біз елге қайта алмаймыз», - дейді Әдбісәлім Саваш.
Ұлыбритания қазақтары алыста жүрсе де, жүрегі туған жер деп соғады. Атамекенімен байланысын ешқашан үзген емес. Бүгін олар Тұманды Альбионға алғаш табан тірегендеріне жарты ғасырлық мерейтойын сән-салтанатымен атап өтті.
«Бүгін біз тарих қойнауына үңілдік. Түркістаннан Үндістанға, Пәкістанға, одан кейін Түркияға көшкен және ақыр соңында Еуропа елдерінде тұрақтаған ата-бабамыз туралы өскелең ұрпаққа айтып бердік. Викториналық сұрақтар қойып, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттадық», - дейді қауымдастық мүшесі Омар Саваш.
Салт-дәстүрлерге берік болғанымен ана тілінде сөйлеуге келгенде жас буын қиналады. Қазақша түсінеді, бірақ ойын еркін жеткізе алмайды. Өзара түрікше және ағылшынша түсініседі.

«Түрлі тілдік курстар ұйымдастырылғанымен олардан пайда аз. Шетелге тарайтын қазақ тіліндегі телевизиялық арналарды көбейту керек. Ата-анасымен үйде отырып теледидар көрген бала үйренбей қоймайды», - дейді қауымдастық белсенділері.

«Кейбір кезде айтады ғой, миын ашып құю керек деп. Сол миын ашып құю медиа екен. Қазақ телеарналары бұл жаққа кеңінен тарап тұрса жақсы болар еді. Иә, интернетте бәрі бар дейді, бірақ жастар қазір ғаламторға басқа нәрселерге кіріп кетед», - дейді қауымдастық мүшесі Исмаил Кесижи.

Қауымдастық бұрын бейресми болатын. 20 жыл бұрын тiркеуден өтiп, содан бері заңды тұлға ретiнде iс жүргiзiп келеді. Оған 60-қа жуық шаңырақ мүшелік етеді. Отбасылық жағдайымен немесе жұмыс бабымен осында уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да қауымдастық ұйымдастырған іс-шараларға белсенді араласады. Республика күнiн, Наурыз және айт мерекелерін бірге атап өтеді.